Алматы қаласында Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар басталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Оның аясында екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен майдангерлер, белгілі қаламгерлер мен көрнекті тұлғалар жерленген Кеңсай зиратын тазарту және абаттандыру бойынша жастар акциясы өтуде.
Олардың қатарында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев, КСРО халық әртістері Роза Бағланова, Ғазиза Жұбанова, Ермек Серкебаев, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Батырхан Шүкенов те бар.
Акция мәдениет және ақпарат Министрлігі және Алматы қаласының әкімдігіменен ұйымдастырылған. Акцияға шығармашылық жоғары оқу орындарының студенттері, жастар және волонтерлік ұйымдар қатысты. Олар аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, зират маңын ретке келтіріп, гүл шоқтарын қойды.
Іс-шараның басты мақсаты — өткенге тағзым етіп, майдангерлердің рухына құрмет көрсету, өсклең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру.