«Ma Carmen» және «Саломея»: «Астана Балет» театры екі тамаша қойылымды сахнаға шығарды

1683
Фотосурет: «Астана Балет»

2025 жылғы 25-26 сәуірде «Астана Балет» театрының сахнасында «Ma Carmen» және «Саломея» бір актілі балеттері көрсетілді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, хореограф Мукарам Авахридің қойылымдары елорданың мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, терең шығармашылық қуат пен классикалық сюжеттерді интерпретациялауға деген құлшынысты паш етті, деп хабарлайды DKnews.kz. 

Кештің басты оқиғасы Мa Carmen балеті болды. Бұл – асау құмарлықтың, бостандық пен еркіндіктің символына айналған Кармен бейнесінің батыл әрі ерекше интерпретациясы. Мукарам Авахри көрермендерге ерекше тұжырымдама ұсына отырып, әдеттегі драматургиядан бас тартты: спектакльде Карменді бес кейіпкер сомдап, олардың әрқайсысы күрделі, сан-салалы әйел табиғатының қыр-сырын ашуға ұмтылады.

Бишілер ұмтылыс пен осалдық, нәзіктік пен ашу-ыза, бойсұну мен бүлік секілді әйел жанының көңіл-күй калейдоскопы іспетті, әр фрагментте бірін-бірі алмастырып отырады. Неоклассикалық хореографияның пластика тілі мен супрематизм эстетикасы арқылы, бұл қойылымда әйел болмысы ер адамның дәстүрлі «сырт көзінен» тыс қарастырылады.

Ma Carmen қойылымында хореография тек баяндау формасы ғана емес, сонымен қатар, ішкі бостандық пен жалғыздық трагедиясы туралы дербес көркем туындыға айналады. Мұндағы би – ағынан жарылу, манифест іспетті. Яғни, өз болмысыңнан айырымау үшін үнемі күресіп, түрлі ауырпалықты бастан өткеріп, әрдайым қайсарлық танытуды мәжбүр ететіні жайлы айтылады.

Спектакль музыкасы Джордж Бизе, Родион Щедрин және Дэвидсон Джаконеллоның шығармаларын біріктіріп, хореография тілін байыта түсіп, ішкі драматизмді, нәзік эмоциялар жиынтығын жайып салады.

Ольга Шаишмелашвили жасаған сценография мен костюмдер бидің пластикасын жарқын визуалды бейнелермен толықтыра отырып, спектакльдің ішкі динамикасын дәл көрсетеді. Денис Солнцевтің жарық, ал, Вадим Дуленко мен Марат Сағадиновтың бейне безендіруі қойылымның көрнекі келбетін толықтырып, біртұтас көркем идеяға бағындыра отырып, қойылым әсерін күшейте түседі.

Осы кеште көрсетілген екінші, «Саломея» балеті Оскар Уайльд пьесасының желісімен қойылып, Мукарам Авахридің көркем қиялынан туған туынды. Бұл қойылымда адам құштарлығының табиғаты, оның сұрапыл күші мен ішкі тепе-теңдікті іздеуге баса назар аударылады. Заманауи түрік композиторы Фазыл Сай музыкасы, Ольга Шаишмелашвилидің сценографиясы және Денис Солнцевтің жарықпен безендіруі көрерменді құмарлық пен тағдырлы таңдау жасау әлеміне жетелей отырып, спектакльдің философиялық болмысын толықтыра түскендей.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -