2025 жылдың 1 мамыр күні «Астана Балет» театрының сахнасында би мен мәдениет мерекесіне баланатын «Шығыс рапсодиясы» хореографиялық дивертисменті өтеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл бірегей концерт Қазақстан, Қытай, Үндістан, Түркия және Жапонияны қоса алғанда, Азияның түрлі елдерінің халық билері мен әуендерін біріктіріп, Шығыс мәдениетінің байлығы мен алуан түрлілігін бейнелейтін ғажайып хореографиялық қойылым.
Бағдарламадағы әрбір миниатюра жай ғана би емес, халық, оның рухы, философиясы мен дәстүрі жайлы баяндайтын болады. Көрермен қауым жапондық ұстамдылық түрік құмарлығымен алмасып, іле-шала қытай поэзиясына ұласқанына, содан кейін Үндістанның хош иістеріне толы Шығыстың тартымдылығына куә болып, ақыры туған қазақ даласына оралады. Бұл элементтердің барлығы бірегей мәдени калейдоскопты құрайды.
Бұл концерт 2013 жылы «Астана Балет» труппасының «Шығыс рапсодиясы» деп аталатын алғашқы қойылымына құрмет іспетті. Уақыт өте Театр қазақстандық әрі шетелдік көрнекті хореографтармен, композиторлармен және суретшілермен шығармашылық ынтымақтастықтың арқасында жинақтаған шеберліктің жоғары деңгейін көрсете отырып, осы тақырыпқа тың серпінмен қайта оралды.
Жарқын сценография, көркем костюмдер, терең этномузыкалық компонент, ең бастысы – балет әртістерінің орындаушылық шеберлігінің арқасында бұл кеш ұмытылмас ғажайыпқа айналады. «Шығыс рапсодиясы» – сан-алуан мәдениет – бөлуші емес, біріктіруші күшке айналған көпұлтты Қазақстанның символындай. Бұл кеш – халықтардың әртүрлілігі мен бірлігінің салтанатындай.
Би мен музыка арқылы Театр – еліміздің мәдени әртүрлілігінің қуаты мен сұлулығын паш етеді. «Шығыс рапсодиясы» мәдениет, құрмет пен бірлік – қоғамымыздың негізі болып табылады және дәл осындай құбылыстар арқылы байланыс нығайып, өзара түсіністік пен бейбітшілікке негізделген болашақ құрылады деген маңызды ойын би тілімен жеткізеді.
Көрсетілім Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.