2025 жылғы 1 - 5 мамыр аралығында еліміздің ең мықты жас шахматшылары Алматыда бас қосады. Жарыс жеңімпаздары Қазақстанның ересектер чемпионатының финалына жолдама алады және Азия чемпионатында республикамыздың намысын қорғау құқығына ие болады. Турнир 20 жасқа дейінгі спортшыларға арналғанымен, көптеген қатысушының жасы айтарлықтай кіші, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жарыс Еуразия технологиялық университетінде (Алматы қаласы, Төле би көшесі, 109б) өтеді. 80 бозбала мен 35 қыз чемпион атағын сарапқа салады. Турнир аясында швейцариялық жүйе бойынша 9 тур өтеді, уақыт бақылау нұсқасы: партияға 60 минут берілді және әр жүріс үшін 30 секунд қосылады.
Салтанатты ашылу рәсімі 1 мамыр сағат 10:00-де басталады. Баспасөз өкілдерінің сұхбат жазып алу үшін сағат 9:30-ға таман келуі ұсынылады. Бірінші тур ресми түрде басталғаннан кейін БАҚ өкілдерінің ойын залындағы партияларды түсіруге 10 минут уақыты болады.
Турнир кестесі:
- 1 мамыр: 11:00 — 1-ші тур, 17:00 — 2-ші тур;
- 2 мамыр: 10:00 — 3-ші тур, 16:00 — 4-ші тур;
- 3 мамыр: 10:00 — 5-ші тур, 16:00 — 6-шы тур;
- 4 мамыр: 10:00 — 7-ші тур, 16:00 — 8-ші тур;
- 5 мамыр: 11:00 — 9-шы тур, 16:00 — жабылу рәсімі.
2024 жылы чемпионат Жезқазғанда өткен болатын. Оның абсолютті жеңімпазы Астана шахматшысы Қазыбек Нөгербек болды: ол жарыстың барлық үш пәні – классика, рапид пен блицте жеңіске жетті де, содан кейін әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Биыл Нөгербек 20 жастан асты, сондықтан жарысқа қатыспайды.
Биылғы турнирдің фавориттері қатарында — өткен жылдың күміс жүлдегері, ФИДЕ шебері Иманғали Ақылбай (Алматы облысы) және қола жүлдегер, халықаралық шебер Сәтбек Ахмединов (Астана). Сондай-ақ ФИДЕ шебері Ораш Шоназаров (Алматы), Нұрдәулет Таңатов (Астана), ФИДЕ шебері Ернұр Амангелді (Астана) және болашағынан зор үміт күттіретін басқа да спортшылар медальдарды сарапқа салады.
Қыздар арасындағы турнирге өткен жылғы жеңімпаз Аяулым Қалдарова (Шымкент) қатыспайды. Чемпион атағын алудан үміткер әйелдер арасындағы ФИДЕ шебері Кристина Попандопуло (Қарағанды облысы), әйелдер арасындағы ФИДЕ шебері Мария Холявко (Алматы), Жанбота Қамарова (Ақмола облысы), Әсия Асылхан (Түркістан облысы), әйелдер арасындағы ФИДЕ шебері Ханзада Аманжол (Ақтөбе облысы) және басқа да шахматшы қыздар өзара бақ сынасады.
Турнирдің жүлде қоры 1,2 млн теңге деп мәлімделді. Бозбалалар мен қыздардың арасында жеңімпаз атанғандар 270 000 теңгеден алады. Екінші орындар үшін 210 000 теңге, үшінші орындар үшін 120 000 теңге жүлде қарастырылған.