Ұландықтар 250 мың құм толы қап дайындады: Петропавлда су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда

1716
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында ауа райының күрт өзгеруі байқалады, екпінді жел күшейе түсті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қызылжар ауданы Тепличное ауылында салынған бөгеттерді күшейту үшін су тасқыны салдарын жоюға Ұлттық ұлан Академиясының курсанттары тартылды.

– Олар төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметі және жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірге бүгінге дейін 250 мыңнан аса құм салынған қап әзірледі. 800 курсант төрт ауысым бойынша жұмыс істеп жатыр. Әскери қызметшілерге жүйелі түрде тамақ пен демалыс уақыты ұйымдастырылған, – деді Ұлттық ұланның ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Сарбаздар мен курсанттардың жағдайына қоғам да бейжай қарамай, қолдан келген көмегін көрсетуде. Атап айтқанда, «Ана жүрегі» сарбаздар аналарының комитеті жауынгерлердің жағдайын назарда ұстап, түрлі қолдау шараларын іске асырып келеді.

– Бұл – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Балаларымыз күн демей, түн демей ел үшін еңбек етіп жүр. Біз оларға тек тамақ емес, аналық мейірімімізді де жеткізгіміз келеді. Мүмкіндігінше сарбаздарға ыстық тамақ апарып, хәлдерін сұрап тұрамыз. Бұл іске тұрғындар да атсалысып жатыр. Жастардың аман болуы – еліміздің аман болуы, – деді «Ана жүрегі» сарбаздар аналарының комитетінің мүшесі Фарида Баубекова.

Айта кетейік, ҚР ІІМ Ұлттық ұланның курсанттары мен әскери қызметшілері, сондай-ақ еріктілер инертті материалдары бар қаптардың көмегімен бөгеттерді нығайта отырып, су тасқынына қарсы күресті жалғастыруда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -