Жаңаөзен қаласында Ұлттық ұлан сарбаздары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында адамгершілік пен қырағылықтың үлгісін көрсетті, деп хабарлайды DKnews.kz.
29 сәуір күні кешкі сағат 19:45 шамасында 4-шағын аудан аумағында патрульдік қызмет атқарып жүрген сарбаздар жалғыз жүрген кішкентай қыз баланы байқап қалып, оның жағдайын анықтауға кіріскен. Сұрастыра келе, бүлдіршіннің ата-анасынан адасып кеткені белгілі болады. Сарбаздар бірден баланы Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына жеткізеді.
Дәл осы уақытта кішкентай қыздың анасы да қызының жоғалып кеткені туралы полицияға хабарлап жатқан екен. Ұлттық ұлан сарбаздарының жедел әрекетінің арқасында ана мен бала аман-есен қауышып, қуанышқа бөленді.
Бүлдіршіннің анасы сарбаздарға шексіз алғысын білдіріп, олардың мұқияттығы мен жауапкершілігіне ризашылығын білдірді.