Алматыда шахматтан Қазақстанның юниорлар чемпионаты өтіп жатыр

2431
Фотосурет: Rassul Azadi/KazChess

Алматы қаласында 20 жасқа дейінгі юниорлар арасында шахматтан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды DKnews.kz.

Турнирге 80 бозбала мен 35 қыз қатысуда. Олар Азия чемпионатында еліміздің намысын қорғау, сондай-ақ Қазақстанның ересектер арасындағы чемпионаты финалына қатысу құқығын сарапқа салып жатыр, деп хабарлайды Қазақстан шахмат федерациясының (Kazchess) баспасөз қызметі.

Турнир швейцариялық жүйе бойынша өтетін тоғыз турдан тұрады. Уақыт бақылау нұсқасы: бір партияға 60 минут беріледі және әр жасалған жүріс үшін 30 секунд қосылады. Турнирдің жалпы жүлде қоры 1,2 млн теңге. Бозбалалар мен қыздар арасында жеңімпаз атанған шахматшылар — 270 мың теңгеден, екінші орын иеленген жүлдегерлер — 210 мың тенгеден және үшін орынға табан тіреген ойыншылар 120 мың теңгеден алады.

Чемпионаттың бас төрешісі Сергей Ким былай деп атап өтті: «Тимур Русланович Турлов жетекшілік ететін Қазақстан Шахмат федерациясының күш-жігер салуымен ойынды үйрету, сондай-ақ әр түрлі санатты турнир өткізу үшін сапалы жағдай жасалды. Көптеген жақсы жүлде, әр түрлі гранттар ойнатылып жатыр. Турнир жеңімпаздары түрлі-түрлі бонус алады. Ең алдымен, бұл жеңіске жеткен жағдайда ерлер мен әйелдер арасындағы ересектер чемпионатына қатысу мүмкіндігі. Осы Чемпионат аяқталғаннан кейін біздің спортшылар Азияның жастар турнирлеріне және алуан түрлі өкілді халықаралық форумдарға қатысады. Осы орайда атап өтетіні, жеңімпаздарға бұл мүмкіндіктің бәрін Қазақстан шахмат федерациясы қаржыландырады. Сондықтан жігерлі жастарымыз сайысқа түседі. Олар жақсы ойын көрсетуге ынталы».

Турнирге қатысушылардың арасында спорт шеберлігінен үміткер Павлодар шахматшысы Владислав Малыгин бар. Ол шахматпен бес жасынан айналысады және бұған дейін 16 жасқа дейінгі шахматшылар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстанның намысын қорғап, блицтен екінші орын алған. «Маған шахматтағы бәсекелестік, ерекше жоспар құру және бірнеше жүрісті алдын ала ойланып, есептеу мүмкіндігі ұнайды. Мен өзімнің күшіме сенемін және ойынды табыспен өткізуге дайынмын», – деді Владислав.

Жарыстың 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырып басталғаны, осылайша әр қатысушының маңыздылығын және ұлты мен жасына қарамастан ел азаматтарының бірлігін ерекше атап көрсететіні назар аударарлық жақсы нышан.

Турнир фавориттерінің қатарында өткен жылдың күміс жүлдегері, Алматы облысының шахматшысы, ФИДЕ шебері Иманғали Ақылбай, өткен чемпионаттың қола жүлдегері, астаналық халықаралық шебер Сәтбек Ахмединов, сондай-ақ ФИДЕ шеберлері Ораш Шоназаров (Алматы), Нұрдәулет Таңатов (Астана), Ернұр Амангелді (Астана) ерекшеленіп тұр.

Қыздар арасындағы турнирде чемпион атағынан үміткер әйелдер арасындағы ФИДЕ шебері Кристина Попандопуло (Қарағанды ​​облысы), әйелдер арасындағы ФИДЕ шебері Мария Холявко (Алматы), Жанбота Қамарова (Ақмола облысы), Әсия Асылхан (Түркістан облысы) және Ханзада Аманжол (Ақтөбе облысы) бақ сынасады.

Чемпионаттың бас серіктесі – Freedom Holding.

Чемпионат 5 мамыр күні салтанатты жабылу рәсімімен аяқталады. Онда жаңа чемпиондардың және халықаралық шахмат деңгейінде Қазақстанға өкілдік ету құқығына ие болған үздік спортшыларымыздың есімдері жарияланады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -