Алматыда ұландықтар соғыс жылғы бала – тыл ардагері, Ұлттық ұланның ардагері, отставкадағы майор Ғалымжан Бакешевтің үйінің ауласында салтанатты шара ұйымдастырып, ардагерді 90 жасқа толған мерейтойымен және Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Кеңес Одағының Батыры гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Ұлықбек Қараев ардагерге алғыс хат табыстап, қолбасшылық атынан құттықтау лебізін білдірді, ал өңірлік қолбасшылықтың Ардагерлер кеңесінің мүшелері және Hexlet ІТ колледжінің оқытушылары мен студенттері тыл еңбеккеріне арнайы дайындап келген сый-сияпаттарын берді.
Осыдан соң ардагер үйінің ауласында Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің оркестрі соғыс жылдарындағы әскери әндерді орындаса, ұландық сарбаздар салтанатты маршпен жүріп өтті.
"Бүгін біз тыл ардагері Ғалымжан Жүсіпұлын 90 жасқа келген мерейтойымен және Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, оның батасын алайық деп келдік. Ардагер атамыз Ішкі әскерде ұзақ жылдар қызмет етіп, зейнетке шыққан. Біз Ғалымжан атаға жиі келіп, жағдайын біліп, мерекелерде құттықтап отырамыз. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында қазір тек жалғыз тыл ардагері бар. Қазыналы қариямызға әрқашан құрмет көрсетеміз" Подполковник Ұлықбек Қараев
Соғыс басталғанда, Ғалымжан ата небары алты жаста еді. Өзі сияқты буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалардың бәрінің балалық шағын соғыс ұрлаған болатын. Олар еңбекке ерте араласып, ауылдағы ер-азаматтардың орнын басты, аналарымен бірге тылда еңбек ете жүріп, Жеңіс күнінің жақындауына үлес қосты.
Қазір соғыс жылғы балалар тыл ардагерлеріне теңестірілген, өйткені олардың көбі кішкентай жасынан бастап майданға кеткен ересектердің орнын басты: зауыттарда, колхоздарда жұмыс істеді, сарбаздарға жылы киім тоқыды. Ғалымжан ақсақалға да осы мәртебе берілген. Сонымен қатар Ғалымжан Жүсіпұлы – Ұлттық ұланның қарт ардагерлерінің бірі. Ол 1960 жылдан бастап КСРО-ның Ішкі әскерінде әр түрлі қызметтерде болған. КСРО ІІМ Қазақ ССР-і және Қырғыз ССР-і бойынша Ішкі әскер басқармасында саясат бөлімінің нұсқаушысы лауазымында зейнетке шыққан.
- Дендерің сау, өмір жастарың ұзақ болсын! Әскери борышты өтеу оңай емес. Дегенмен, командирдің тілін алып, әскери борышты жақсы орындаңдар. Елімізде тыныштық, амандық, береке болсын! Маған келіп, құттықтағандарың үшін көп рақмет!, - деп ақсақал сарбаздарға ақ батасын берді.
Ғалымжан ата мен жұбайы Қоныскүл апа әскери оркестрдің әуенімен дөңгеленіп вальс билеп, көңілдері жадырап, жасарып қалғандай болды.