Төрт атаға жалғасқан дәстүр: Ұлттық ұланда әулетімен әскери қызмет атқаратын жанұя бар

1133
Фотосурет: Ұлттық ұлан

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Академиясының 4 курс курсанты Асқар Жалеловтың отбасы ұзақ жылдар бойы әскери қызметке адалдықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Асқардың арғы атасы – Төкеш Өтеғали Ұлы Отан соғысына қатысқан. Өкінішке қарай, 1943 жылы Сталинград түбінде болған шайқас кезінде хабар-ошарсыз жоғалғандар тізіміне енген. Бұл — қазақ даласының мыңдаған отбасын шарпыған соғыс қасіретінің бір көрінісі. Ал курсанттың атасы – Жалел Төкешов соғыстан кейінгі жылдары Самарқан қаласында радиобайланыс саласында қызмет етіп, ел қорғанысына өз үлесін қосқан. Бүгінде Асқардың әкесі — Кенжебек Төкешов Ұлттық ұлан қатарында полковник шенінде қызмет етеді.

"Біздің әулет үшін Отан алдындағы борыш қасиетті ұғым. Әкемнің де, атамның да жолы – мен үшін үлкен мақтаныш. Ал балам – Асқардың оқуды ойдағыдай аяқтап, мықты офицерлердің қатарынан табылатынына сенімім мол. Осылайша әскери династияға айналып отырмыз" Полковник Кенжебек Төкешов

Ата жолын өмірлік бағыт-бағдар етіп ұстанған курсант Асқар Жалелов бала күнінен Отан қорғау ісіне құштар болған.

"Әскери қызмет - ол тек мамандық емес, ол – өмір салты. Әкем секілді мен де Отанға адал қызмет еткім келеді. Сондықтан қазір атамның ізін жалғап, әскери саладағы радиобайланыс маманы ретінде білім алып жатырмын. Бұл ретте мені арғы атамның майдан даласындағы ерлік істері шабыттандырып отырады. Сол себепті де әскери адам болуды қаладым. Бұл – менің арманым ғана емес, отбасымның және елдің алдындағы парызым" Курсант А. Жалелов

Асқар Жалелов — Академиядағы үздік курсанттардың бірі. Қазіргі уақытта ол ішкі істер органдарының байланыс жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу бойынша инновациялық жоба дайындап жатыр.

"Мұның бір артықшылығы – адам факторын болдырмайды. Жобада жүз пайызға дейін бет-әлпетті тану функциясын қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл жүйе Ұлттық ұланға енгізілген Hytalkpro кешені арқылы ұйымдастырылады"  Асқар Жалелов 

Бұл жоба Ішкі істер министрлігінің ғылыми жұмыстар байқауының үшінші кезеңіне өткен. Жас курсанттың бұл бастамасы тек отбасылық дәстүрді жалғау емес, сонымен қатар заманауи технологияны ел қорғанысына тиімді енгізуге деген ұмтылысты білдіреді.

Асқар Жалеловтың отбасы — ұрпақтар сабақтастығы мен әскери рухтың үзілмеген тізбегі. Елімізде осы секілді әулеттер көп. Сондықтан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығында бабалар ерлігін еске алумен қатар, бүгінгі бейбіт өмірдің кепіліне айналған әскери қызметшілерге де құрмет білдірудің маңызы зор. Өйткені олар да – жеңімпаз жауынгерлердің мұрагерлері.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Академия қабырғасында 700-ге жуық курсант білім алады. Олардың арасында Тәжікстан мемлекетінен келіп оқып жатқан курсанттар да бар. Бүгінде әскери білім ордасы білім деңгейімен ғана емес, жаңа инфроқұрылымы секілді артықшылықтарымен де ерекшеленеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -