Қазақстан 2030 жылға дейін мұнай-газ химиясын дамытуға $15 млрд инвестиция салады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Үкімет отырысында мұнай-газ химиясы саласының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баяндады.
Ол ең алдымен, мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамыту мұнай-газ секторын шикізат моделінен қосылған құны жоғары өнім өндіруге қайта бағдарлаудың басым бағыттарының бірі болып саналатынын атап өтті.
«Мұнай-газ химиясы саласын дамытуды Мемлекет басшысы ішкі нарық үшін де, экспорттау үшін де кең перспективалар ашатын стратегиялық басымдық ретінде бірнеше рет атап өтті. Қазақстан бүгінде Еуразия өңіріндегі мұнай мен газды ірі өндірушілердің бірі. Бірақ бұл ретте біздің саланың құрылымы басым түрде шикізат болып қала береді. Сонымен қатар өңдеу әлеуеті, әсіресе мұнай-газ химиясында, тек ішінара пайдаланылады, бұл бірқатар стратегиялық сын-қатерлерді тудырады» Ерлан Ақкенженов
Мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, жалпы құны шамамен $15 млрд болатын алты ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ерлан Ақкенженовтің мәлімдеуінше, жобаларды іске асыру шамамен 3,5 мың тұрақты жұмыс орнын және құрылыс кезеңінде 16 мыңнан астам уақытша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған шаралар саланы кешенді ынталандыруға және өңір экономикасын дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ министр 2024 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газ химиясы өнімін өндіру көлемі 540 мың тонна болғанын, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 150,5%-ды (358,6 мың тонна) құрағанын хабарлады. 2025 жылғы қаңтар–наурызда жоспар 113,4 мың тонна болғанда 155,6 мың тонна өнім өндірілді, бұл жоспарланған көлемнің 137%-ын құрайды.
«Келесі маңызды мәселе – саланы дамытуды заңнамалық қамтамасыз ету. Энергетика министрлігі мүдделі тараптармен, оның ішінде “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ, “KazEnergy” қауымдастығы, Мұнай-газ-химиясы өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығымен, сондай-ақ мемлекеттік органдармен бірлесіп “Мұнай-газ-химиясы өнеркәсібі туралы” Заң жобасын әзірлеу жұмыстарын жүргізуде» Ерлан Ақкенженов
Оның айтуынша, Заң жобасының мақсаты – мұнай-газ химиясы саласын дамыту үшін ашық әрі тиімді құқықтық негіз қалыптастыру. Заң жобасын келесі бағыттарды көздейді:
-
кәсіпорындардың шикізат базасына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету;
-
қажетті инфрақұрылымды дамыту;
-
мемлекеттік қолдау шараларын, оның ішінде қаржыландыру, субсидиялау және салықтық жеңілдіктерді қолдану.
«Бүгінгі таңда осы Заң жобасының Консультативтік құжаты Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелеріне келісуге жолданды. Аталған Заң жобасының стратегиялық маңыздылығын және Заң шығару жұмысының мерзімдерін сақтау қажеттігін ескере отырып, Әділет министрлігіне Консультативтік құжаттың жобасын комиссияның жақын арада өтетін отырысына шығаруды және оны Үкіметтің 2025 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына енгізуді тапсыруды сұраймын» Ерлан Ақкенженов
Қазақстанда мұнай-газ химиясы саласын дамыту мақсатында аумағы 3,5 мың гектардан асатын арнайы экономикалық аймақ құрылды. Оған үш негізгі алаң – Қарабатан, Теңіз және Технопарк кіреді.
Қарабатан алаңында ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Бүгінде АЭА-да 18 кәсіпорын тіркелген, олардың ішінде полипропилен, полиэтилен, синтетикалық каучук және пластик бұйымдарын өндірушілер бар.
Технопарк алаңы шағын және орта бизнеске бағдарланған, мұнда мұнай химиясы шикізаты – полиэтилентерефталат және терефталь қышқылы негізінде өнімдер шығарылады.
Теңіз алаңына келетін болсақ, ол ірі жобалардың бірі – этанның жылдық көлемі 1,6 млн тонна полиэтилен өндірісі үшін шикізатты қамтамасыз ететін газ бөлу кешенін орналастыруға бағдарланған.
«2022 жылдың қараша айында жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін KPI зауыты іске қосылды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша зауыт шамамен 250 мың тонна өнім өндірді. Бүгінгі таңда зауыт қапшықтар, тұтынушылық орамалар, кілем бұйымдары, бір рет қолданылатын ыдыстар және басқа да өнімдерді өндіруге арналған полипропиленнің 12 маркасын шығарады. Осы жылдың соңына дейін жаңа 2 полипропилен маркасын шығару жоспарлануда» Ерлан Ақкенженов
Сондай-ақ жылына 1,25 млн. тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысын жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда болашақ зауыт алаңын дайындау бойынша бастапқы құрылыс жұмыстары 49,2%-ға аяқталды, ал пиролиз қондырғыларын орнату үшін котловандар қазу жұмыстары басталды. Зауыттың іске қосылуы 2029 жылға жоспарланған. Жоба аясында 20-дан астам сұранысқа ие полиэтилен маркаларын шығару жоспарлануда, олардың 40%-ы премиум класына жатады.
Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласында карбамид пен аммиак-карбамид өндірісін қоса алғанда, жаңа жобалар пысықталып жатыр. Кешендер Ақтөбе облысы мен Ақтау қаласында салынады. Оларды іске қосу 2029 жылға жоспарланған.
Сондай-ақ 2027 жылы алкилат, 2029 жылы полиэтилентерефталат және 2028 жылы бутадиен өндіру жобалары қарастырылуда.
«Бұл жобалар – жобалық құжаттаманы әзірлеуден бастап қаржыландыру тетіктерін іздеуге дейін дайындықтың әртүрлі кезеңдерінде» Ерлан Ақкенженов