Астанада заманауи әскери техника мен авиация қатысқан әскери парад өтті

3377
Фотосурет: t.me/aqorda_resmi

Астанадағы «Қазақ елі» алаңында бүгін, 2025 жылғы 7 мамырда, Отан қорғаушысы күніне орай Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті. Парадтың командирі — Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Кучекбаев, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің ту ұстаушылар тобы Мемлекеттік туды және Жеңіс туын алаңға алып келді.

Жеңістің Қызыл туы – осыдан 80 жыл бұрын әйгілі отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев пен оның майдандасы Григорий Булатов Рейхстагқа тіккен тудың көшірмесі. 

Сұрапыл соғыс жылдары қазақстандық сарбаздар майданның алдыңғы шебінде, ең қанқұйлы шайқастарда ерліктің ерен үлгісін көрсетті.

1945 жылы 30 сәуірде қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тікті. Осынау даңқты ерлігі үшін Қошқарбаев сол кезде «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Ал 1999 жылы 7 мамырда Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Жеңістің 80 жылдығына арналған парад майдангерлердің ерлігіне тағзым етуді, Тәуелсіз Қазақстан армиясының бүгінгі күш-айбынын көрсетуді көздейді.

 

Парадқа Қазақстан Қарулы күштерінің барлық түрінен 4 мыңнан аса әскери қызметкер қатысты. Сондай-ақ арнайы 200-ден аса әскери қару-жарақ пен техника, 66 әскери авиация ұшағы мен тікұшақ әкелінген.

Алғаш рет механикаландырылған колонналардың сапын «Бук», «Тор» зенитті-ракета кешендері, «Барыс», «Алан», «Айбар», «Таймас», «Террекс» дөңгелекті ұрыс машиналары, минаны залалсыздандыратын роботтары бар арнаулы автокөліктер толықтырып отыр.

Сонымен қатар отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындары шығаруды жоспарлап отырған ұрыс машиналары, роботтандырылған қайық және ұшқышсыз басқарылатын ұшу қондырғылары таныстырылды.

Әуе кеңістігінен А-400 әскери-көлік ұшағы, L-410 жолаушылар ұшағы және Би-300 патруль ұшағы ұшып өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -