«Таза Қазақстан»: Amanzholov University студенттері Батыров аллеясын абаттандырды

3267
Фотосурет: Gov

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай және республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері Халық қаһарманы Қасым Қайсенов, Кеңес Одағының батырлары Ізғұтты Айтықов пен Төлеген Тоқтаровтың туған жерінде жаңа «Батырлар аллеясының» абаттандыру жұмыстарына белсене қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Қасым Қайсенов ауылында бой көтерген аллеяның соңғы әрлеу, тазалау жұмыстарына студент жастар бір кісідей жұмылып, ортақ іске өз үлестерін қосуға әрдайым дайын екендіктерін көрсетті. Бұл акция – ел тарихында есімдері алтын әріппен жазылған жерлестерімізге деген құрмет пен алғыс белгісі.

Бұл күні университеттің белсенді және өнерлі студенттері сондай-ақ ауыл тұрғындарына мерекелік концерт қойып, жақсы көңіл-күй сыйлады.

– Студенттер мен университет ұжымына көрсеткен қамқорлығы мен ықыласы үшін алғысымызды білдіреміз. Жастардың белсенді өмірлік ұстанымдары қуантады, – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Серғазина. – Мұндай бастамалар өскелең ұрпаққа жауапкершілік, отансүйгіштік пен туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін сіңіреді. Университет студенттерін әрдайым серіктесіміз әрі досымыз ретінде қуана қарсы аламыз.

Осы күннің тағы бір маңызды оқиғасы – Ұлан ауданындағы Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің заманауи логопедиялық жабдықтармен қамтамасыз етілуі болды. Енді бұл мекемеге келетін балалар Amanzholov University ғалымдарының авторлық жобасы – инновациялық логопедиялық үстел арқылы өз дағдыларын жетілдіреді.

– Университеттің бұл бастамасы мемлекет басшысы белгілеген міндеттерге сәйкес ауылдық аймақтарда инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған, – деді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген. – Бұл жабдық – университет ғалымдарының патенттелген әзірлемесі. Бұған дейін жоба 110 миллион теңге көлемінде мемлекеттік гранттық қаржыландыруға ие болған еді.

Қазақстанда баламасы жоқ логопедиялық үстелге сенсорлы моноблок, интерактивті панель, қазақ тіліндегі логопедиялық тапсырмалар, логопедиялық айна, әдістемелік материалдар мен карточкалар кіреді. Жинақта дыбыстарды автоматтандыру, фонематикалық қабылдауды, есте сақтау, ойлау және математикалық дағдыларды дамытуға бағытталған 100-ден астам тапсырма бар.

– Бұдан бөлек біз инклюзивті білім беру бағытындағы 12 авторлық куәлік иегері атанған университет ғалымдарының әдістемелік материалдары мен авторлық әзірлемелерін де тапсырдық. Олар – интерактивті жаттықтырғыштар, педагогтерге арналған ұсынымдар және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сұраныстарын ескере отырып әзірленген әдістемелер, – деп атап өтті «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алима Әліпова.

– Біздің орталықта қазіргі таңда 75 бала бар, олардың жартысынан көбімен осы жабдықпен жұмыс жүргізу қажет, – деді «Ұлан ауданының Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ басшысы Жанар Рапикова. – Бұл – ерекше балаларды сапалы қолдауға жасалған маңызды қадам. Осындай жабдықтың көмегімен сабақтардың тиімділігі артып, балалар оқу процесіне қызығушылықпен қатысады деп сенеміз. Ата-аналар мен ұжым атынан жобаны жүзеге асырғандарға алғысымызды білдіреміз.

Жабдық ауыр сөйлеу бұзылыстары (АСБ), психикалық-сөйлеу дамуының тежелуі (ПСДТ), жеңіл ақыл-ой кемістігі бар балалармен жұмыс істеуге арналған. Ол Шығыс Қазақстанның бірнеше мектепке дейінгі және түзету мекемелерінде сынақтан өткен. Мұндай үстелдердің бірі бұған дейін Шемонаиха ауданында орнатылған болатын. Ұлан ауданында жобаны жүзеге асыруға «Қазмырыш» АҚ қолдау көрсетті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -