ҚБТУ-да 2025 жылдың 19–21 мамыры аралығында «Өнеркәсіптегі коллоидтар мен нанотехнологиялар» (CollNanoIndustry 2025) атты Халықаралық ғылыми-техникалық конференция және Бизнес-форум өтеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Конференция ұйымдастырушы – профессор, химия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Сауле Айдарова басқаратын «Бір белдеу, бір жол» мұнай-газ инженериясы институты.
Конференцияның мақсаты – химиялық және физикалық инженерия, коллоидтық химия және нанотехнологиялар салаларында халықаралық алаң құру, жетекші ғалымдар, инженерлер мен өнеркәсіп өкілдері арасында диалог пен білім алмасуға ықпал ету. Конференцияда қазіргі өндірістегі жетістіктер мен өзекті мәселелер, сонымен қатар экологиялық және технологиялық өзекті проблемалар талқыланады.
Атап айтқанда, көміртексіздендіру, CO₂ сақтау және ұстау, баламалы энергетиканың тұрақты дамуы және жасыл технологиялар сияқты жаһандық тақырыптарға ерекше назар аударылады.
Конференция барысында ғылым, өндіріс және бизнестің бірігу мәселелері қарастырылып, коллоидтық ғылым, фазааралық беттер, нано-дисперсиялар және олардың жаңа өнеркәсіптік материалдарды әзірлеудегі қолданысына қатысты соңғы жетістіктер мен үрдістер баяндалатын болады.
Конференцияға Швеция, Франция, Германия, Ұлыбритания, Сербия, Қытай, Таиланд, ТМД елдері, сондай-ақ Қазақстанның ғылыми қауымдастығының өкілдері, ғылыми-зерттеу жобалық топтардың жетекшілері, бизнес, өнеркәсіп және жоғары білім беру саласының өкілдері қатысады.
Құрметті қонақтар мен қатысушылар ғылыми баяндамалар жасап, Бизнес-форум мен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары және экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару (ESG) қағидаттарына арналған семинарларға қатысады.
Конференция аясында «Шекарасыз ғылым: жоғары білім берудегі инновациялардың катализаторы ретіндегі интернационализация» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Онда ғылым мен білімді интернационалдандырудың инновациялар, ынтымақтастық және академиялық жетілдіру жолындағы ықпалы талқыланады.
Конференция бағдарламасына пленарлық, ауызша және постерлік сессиялар, семинарлар енеді; тезистер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде конференция материалдар жинағында жарияланады.