ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова «Aleumet – әлеуметтік қызметтер мен тауарлардың ашықтығы мен қолжетімділігі» бизнес-конференциясына қатысты, онда «Aleumet» әлеуметтік қызметтер порталы (Портал) жұмысының тиімділігін арттыру жолдары, жеткізушілермен өзара іс-қимыл жасау және рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Ақмәди Сарбасов, «ITeachMe» ҚҚ директоры Захира Бегалиева, «Dos Ortopedia» ЖШС директоры Төремұрат Төлегенов, мемлекеттік органдардың, оңалтудың техникалық құралдарын (бұдан әрі – ОТҚ) жеткізушілердің, арнаулы әлеуметтік қызметтер мен санаторий-курорттық емдеу қызметін ұсынушылардың өкілдері және өзге де тұлғалар қатысты.
Конференцияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде министр Портал жұмысын жетілдіру көрсетілетін қызметтердің ашықтығын, сенімі мен сапасын жүйелі түрде арттырумен қатар жүруі тиіс екенін атап өтті.
«Біз қазір оңалтудың техникалық құралдары бойынша Порталда жосықсыз акциялар мен ұсыныстарды орналастыру мүмкіндігін болдырмау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біріншіден, біз қызметтер мен тауарларды алушылардың құқықтарын және мүдделерін қорғайтын боламыз, сондай-ақ бағалар мен қызмет көрсету шарттарын бұрмалау әрекеттерін болдырмауға тырысамыз. Өйткені, Портал ашық, адал және ыңғайлы алаң болуы тиіс, сонда ғана мүгедектігі бар әрбір адам жосықсыз жеткізушілердің қатысуынсыз сапалы оңалту құралын өз бетінше таңдай алады», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.
Сонымен бірге Еңбек министрлігінің басшысы әлеуметтік қызмет көрсетудің барлық жүйесін жақсартуға кешенді тәсіл арқылы қарамайынша, цифрлық құралдардың тиімділігін арттыру мүмкін еместігін атап өтті. Бұл бағытта арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарын лицензиялау, ескірген техникалық оңалту құралдарын жаңғырту, инновациялық ОТҚ енгізу бойынша пилоттық жобаларды іске қосу, сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлерді оқыту мен оларды сертификаттау жүргізілуде. Осы шаралардың барлығы тұтастай алғанда әлеуметтік қолдаудың сапасын, ашықтығын және клиентке бағдарлануын арттыруға, оның ішінде «Aleumet» порталының құралдары арқылы арттыруға бағытталған.
Кездесу соңында қызмет көрсетушілер Порталдың функционалдығын жақсарту бойынша бірқатар ұсыныстар айтты. Министр Еңбек ресурстарын дамыту орталығына және басқа да жауапты құрылымдарға тиімді шешімдер әзірлеу үшін жеткізушілермен бірлесіп ұсыныстарды пысықтауды тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдан бастап мүгедектігі бар адамдарды техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Оның басты мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың жеткізушілермен тікелей өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, олардың өз бетінше таңдау құқығын іске асыру. Бұл ретте тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын төлеу кепілді сома шегінде мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі. Жыл сайын республикалық бюджеттен осы мақсаттарға шамамен 60 млрд теңге бөлінеді.
Бүгінде Порталда 643 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 999 ОТҚ жеткізушісі, 31 мыңнан астам жеке көмекші, 757 – ымдау тілі және 131 – санаторий-курорттық емдеу қызметін ұсынушы тіркелген. 2025 жылдың басынан бастап Портал арқылы мүгедектігі бар адамдардың 225,8 мың тапсырысы орындалды, оның ішінде: техникалық оңалту құралдарына – шамамен 172,9 мың, ымдау тілі қызметтеріне – 7,7 мың, жеке көмекшінің қызметтеріне – 24,4 мың, санаторий – курорттық емдеуге – 20,8 мың тапсырыс.