2024 жылы Қытайдан келетін туристер ағыны қарқынды өсім көрсетіп, пандемияға дейінгі 2019 жылғы көрсеткіштен 9 есеге жуық артты. Қазақстан қытайлық саяхатшылар үшін ең тартымды бағыттардың біріне айналып келеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Kazakh Tourism ұлттық компаниясы ҚХР нарығында еліміздің туристік әлеуетін ілгерілету бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда. Гуанчжоу қаласында қазақстандық туроператорлар Қытайдың туризм индустриясының 50-ден астам өкілімен B2B-кездесулер өткізді.
Келіссөздер барысында мәдени демалыс, гастрономиялық және табиғи туризм, шопинг, сондай-ақ іскерлік сапарлар мен MICE-шараларына арналған туристік өнімдер мен маршруттар таныстырылды. Бұл екіжақты кездесу Қазақстанға деген тұрақты қызығушылықты арттырып, екі елдің туристік нарығы ойыншылары арасында ұзақ мерзімді серіктестіктің берік іргетасын қалайды.
Қазақстандық делегация Қытайдағы Guangzhou International Travel Fair деген ең ірі туристік көрмелердің біріне қатысуда. Экспозиция Алматы қаласы Туризм басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Келушілерге классикалық маршруттармен қатар, жаңа туристік өнімдер де ұсынылды.
Қазақстан Қытайдан келетін туристер үшін тартымды бағытқа айналуда. 2024 жылы ҚХР Қазақстандағы қонақ үйлер мен өзге де орналастыру орындарында тоқтаған шетелдік туристер саны бойынша екінші орынға шықты. Қазақстандық қонақ үйлерде 173 987 ҚХР азаматы орналасқан, бұл өткен жылмен салыстырғанда 66%-ға көп. Ал жалпы келушілер саны 650 мыңнан асты.
ҚХР-дан келетін туристер ағынының өсуіне визасыз режимнің енгізілуі, жаңа тікелей рейстердің ашылуы мен әуе қатынасының жиілеуі, ішкі туризмді Қытай нарығында белсенді ілгерілету септігін тигізді.
Өткен жылы Қытайда Қазақстанның туристік әлеуетін танытуға бағытталған 30-дан астам іс-шара өткізілді: іскерлік кездесулерден бастап көрмелерге, мәдени таныстырылымдар мен ақпараттық турларға дейін. Биыл мұндай 16 іс-шара өткізу жоспарланып отыр.