Өңірлік жоғары оқу орындары талапкерлер үшін барған сайын тартымды бола түсуде

1628
Фотосурет: Gov

Өскеменде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұйымдастыруымен Шығыс Қазақстан облысы мектеп түлектеріне арналған «Study in Kazakhstan» білім беру көрмесі өтті. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Кездесудің мақсаты – жастармен ашық диалог құру, отандық жоғары білімді насихаттау және дарынды мектеп оқушыларын қолдау. Облыстың барлық аудандарынан келген 600-ден астам мектеп түлектерімен қатар білім басқармасының өкілдері, мектеп директорлары, мұғалімдер мен ата-аналар қатысты. Шараны С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры, профессор Мұхтар Төлеген құттықтау сөзімен ашты. Өңірлік жоғары оқу орындарының маңыздылығына тоқталып, олардың отандық еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлайтынын атап өтті.

– Біз 2025 жылғы түлектер болашақ көшбасшылар және Қазақстанның гүлденуіне үлес қосатын мықты азаматтар болатынына сенімдіміз. Біздің университет дарынды жастарды асыға күтеді және академиялық ұтқырлық, халықаралық жобалар аясында жан-жақты дамуларына мүмкіндік береді, – деді ректор.

Министрлік өкілі кездесу барысында мамандық таңдаудың маңыздылығына тоқталып, бүгінде қазақстандық университеттердің сапалы білім беруге толық мүмкіндігі бар екенін айтты. Ол «Study in Kazakhstan» Президенттің тапсырмасымен іске асырылып отырған ауқымды жоба екенін атап өтті.

– Бүгін Шығыс Қазақстанның талапкерлеріне биылғы ҰБТ өткізу тәртібі түсіндірілді. Өңір түлектері мегаполистерден бөлек, академиялық көрсеткіштері жоғары аймақтағы оқу орындарын таңдаса деймін. Себебі негізгі мақсат үлкен қалаларға бару емес, жақсы университет таңдау болу керек. Өңірдегі жоғары оқу орындар уақыт талабына сай жаңғырып, дамып келеді. Бірқатарында шетелдік ЖОО филиалдары ашылып жатыр. Атқарылып отырған жұмыстың барлығы жастардың өз елінде халықаралық деңгейде сапалы білім алуларына бағытталған, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев.

Кездесуде Amanzholov University тарапынан талапты түлектерге 14 білім беру гранты табысталды. Бұл гранттар оқу озаттарына, олимпиадалар мен ғылыми және шығармашылық байқаулардың жеңімпаздарына берілді. Грант иегерлері – Өскемен, Семей, Зайсан, Катонқарағай және басқа да өңірлерден келген мектеп оқушылары.

– Мен Amanzholov University-нің 4 жылдық білім беру грантын ұтып алдым. Өңірдегі үздік ЖОО-да білім алып, тәжірибе жинақтап білікті маман болатыныма сенемін. ШҚУ студенттерінің шетелде білімін жалғастырып, жаңа мүмкіндіктерге ие болып жатқанын көріп жүрмін. Білімді, көшбасшы жастардың қатарына қосылатыныма қуаныштымын, – деді Зайсан ауданы, Шілікті орта мектебінің 11 сынып оқушысы Айшолпан Ахатбекова.

Шемонайха ауданының 11 сынып оқушысы Алексей Хорев:

– ШҚУ-да өткен информатика пәнінен олимпиадаға қатысып, бірінші орын алдым. Нәтижесінде 4 жылдық білім грантының иегері атандым. Маған осы университеттің зертханалары, заманауи орталықтары ұнайды. Өзім IT саласына маманданғым келеді, – деді.

Кездесу барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Кардифф университетінің Астанадағы кампусының өкілдері де сөз сөйлеп, талапкерлерге оқуға түсу, студенттік өмір және халықаралық білім беру мүмкіндіктері туралы баяндады.

Іс-шара студенттік өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасымен және мектеп оқушылары қатысқан қызықты викторинамен аяқталды. Белсенді қатысушыларға ЖОО ақысына 10% жеңілдіктер мен естелік сыйлықтар табысталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -