«AQYL BATTLE CUP» КТК республикалық зияткерлік сайысы басталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен еліміздегі ең танымал зияткерлік турнирлердің бірі «Aqyl Battle CUP» КТК басталды.
Турнир мемлекеттік тілде, «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасы аясында, 14 пен 35 жас аралығындағы қазақстандық жастар арасында өтеді.
Жобаның мақсаты – қазақ тілін дамыту және қолдану аясын кеңейту, жастарды білімге баулу, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін арттыруға ықпал ету.
Зияткерлік турнир бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезең офлайн форматта Астанада (16 мамыр), Шымкентте (21 мамыр) және Алматыда (23 мамыр) өтеді. Елдің басқа өңірлерінде сайыс 30-31 мамыр күндері «Aqyl Battle» мобильді қосымшасы арқылы онлайн форматта ұйымдастырылады.
Гранд-финалға еліміздің барлық өңірінен үздік шыққан 20 команда жолдама алады. Биыл оларға түркі елдерінің құрама командалары да бәсекелес болады.
Жалпы жүлде қоры – 3 600 000 теңге.