Қазақстанда Жас зерттеушілер академиясы өз жұмысын бастады

1584
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен елімізде алғаш рет Жас зерттеушілер форумы өткізілді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл форум ғылымға, зерттеу мен инновациялық қызметке қызығушылық танытқан мектеп оқушыларын біріктірген бірегей алаңға айналды. Іс-шараның мақсаты – оқушылар арасында ғылыми ойлауды дамыту, шығармашылық бастамаларды қолдау және ғылыми білімді кеңінен насихаттау.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, әкімдіктер жанындағы білім басқармаларының басшылары, жетекші жас ғалымдар, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен 400-ден астам республикалық және халықаралық конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған дарынды мектеп оқушылары және олардың ғылыми жетекшілері қатысты.

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев алғы сөзінде болашақта өз өмірін ғылыми-зерттеу жұмысымен байланыстырғысы келетін, ғылым жолын таңдауға құлшыныс білдірген еліміздің барлық жас таланттарын бүгінгі Форумның ашылуымен құттықтап, жемісті жұмыс тіледі. Мемлекет басшысы тарапынан бүгінгі күні ғылым мен инновацияны дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, Президенттің тікелей бастамасымен қазіргі таңда отандық ғылым жүйесін реформалау бойынша кешенді шаралар қабылданып, соның негізінде ғылымды еліміздегі мемлекеттік және қоғамдық дамудың басты қозғаушы күшіне айналдыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Бүгінгі шара осы реформалардың маңызды құрамдас бөлігі ғана емес, сонымен қатар аға буын өкілдерінің отандық ғылымның болашағына деген қамқорлығының шынайы көрінісі болып табылатынын мәлімдеді.

А.Күрішбаев өз сөзінде:

«Жас таланттар – отандық ғылымның болашағы. Қазақта «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деген аталы сөз бар. Яғни біздің ғылымымыздың болашағы – жастардың қолында. Олай болса, қабілетті жас таланттарды тауып, оларды заман талабына сай тәрбиелеп, білім деңгейін шыңдау – біздің қасиетті міндетіміз болмақ.

Сондықтан біз жас ұрпаққа зор үміт артамыз. Олар болашақта біздің елімізді қарқынды дамытуға белсене қатысады деген сенімдеміз. Жас таланттарды қолдаудағы Ұлттық ғылым академиясының алғашқы қадамы былтыр, тәуелсіздік жылдарында тұңғыш рет Ұлттық ғылым академиясы жанынан Жас ғалымдар кеңесінің құрылуы болды.

Келесі жасаған маңызды қадамымыз – мектеп қабырғасынан бастап жас дарындарды ғылымға тарту. Форум – жай ғана біржолғы басқосу немесе сән үшін жасалған шара емес, бұл – ғылым саласын креативті ойлайтын, қабілетті жастармен толықтыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегия.

Форум жұмысының нәтижесінде Ұлттық ғылым академиясы жанынан Жас зерттеушілер академиясы құрылып, оның құрылымы мен жұмыс органдары жасақталады.

Бұл Академияның жемісті жұмыс істеуі үшін Ұлттық ғылым академиясы тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, Жас зерттеушілер академиясының жұмысын тиімді бастап жүргізу үшін вице-президент Дидар Батрышев жетекшілік жасайтын болады. Академиктермен, Жас ғалымдар кеңесінің мүшелерімен, мектеп оқушыларымен және олардың тәлімгерлерімен, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі мен мектеп өкілдерімен бірлесе отырып, Жас зерттеушілер Академиясының басқару құрылымы қалыптастырылып, қызметі жолға қойылады.

Бүгінгі іс-шара – шын мәнінде тарихи сәт, ол отандық ғылымды жаңғыртуға бағытталған қосымша құралға айналатыны анық. Расында да, Сіздер үшін төзімділік пен үлкен еңбекті талап ететін ғылым шыңына апаратын мол мүмкіндіктер ашылғалы отыр. Осы жолда барлық қабілеттеріңізді жүзеге асырып, нағыз зияткер тұлға ретінде қалыптаса аласыздар.

Айта кету керек, біз Сіздерді болашақта халқымыздың біртуар ұлы ғалымдары – Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан сынды қайраткерлердің ізгілікті ісін жалғастыратын, әлемге танымал ғалымдар қатарынан көргіміз келеді. Сіздердің табиғи дарындарыңыз бен еңбекқорлықтарыңыз тынымсыз ізденіспен ұштасып, тек елімізге ғана емес, сонымен бірге бүкіл адамзатқа пайдалы ұлы ғылыми жаңалықтар ашуға негіз болады деп сенемін», – деді.

Форум оқушылардың ғылыми-зерттеу жобалары мен әзірлемелерін таныстыруға арналған ашық алаңға айналды. Мұнда олардың дайындық деңгейі бағаланып, жетекші ғалымдар мен сарапшылар тарапынан кәсіби пікірлер ұсынылды. Сонымен қатар STEM білімін дамыту, халықаралық тәжірибені орта білім жүйесіне енгізу және Қазақстандағы мектеп ғылымының болашағы сияқты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Форум аясында келесі шаралар қамтылды:

  • Мектеп оқушыларының ғылыми және инновациялық жобалары мен әзірлемелерінің көрмесі өтті;
  • «Зияткер» атты интеллектуалдық командалық сайыс ұйымдастырылды;
  • Академик Қ.И.Сәтбаев, археология және Қазақстан ғылымы тарихы музейлеріне экскурсия жүргізілді;
  • Отандық және шетелдегі жетекші жас ғалымдар мен академиктердің баяндамалары мен шеберлік сабақтары өтті;
  • Жас зерттеушілер баяндама жасап, өз жобаларын таныстырды;
  • Жас зерттеушілер форумы аясындағы байқаулар жеңімпаздары ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Qalan компаниясының арнайы сыйлықтарымен, математика, ағылшын тілі курстарына және «әл-Жәбірдің атасы» ғылыми-танымдық журналына 6 айға тегін жазылым сертификаттары табысталды;
  • Шара соңында «Қожа – жаңа саяхат» фильмі көрсетілді.

Форум нәтижесі бойынша ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясында Жас зерттеушілер академиясы құрылды.

Жас зерттеушілер Академиясының басты мақсаты – ғылымға қызығушылығы бар дарынды мектеп оқушыларын анықтау және қолдау, олардың бойында зерттеу дағдыларын дамыту, заманауи ғылыми жабдықтар мен зертханаларға қол жеткізуін қамтамасыз ету, кәсіби бағдар беру және мектеп оқушылары арасында ғылыми білімді кеңінен насихаттау.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -