Теміржол, порттар, әуежайлар: Қазақстан транзиттік әлеуетін арттырып жатыр

1232
Фотосурет: Gov

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының көлік-логистика саласын дамыту жөніндегі міндеттерін жүзеге асыру бойынша берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы тыңдады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр инфрақұрылымды жаңғырту және теміржол, теңіз, әуе және автомобиль көліктерін дамыту, сондай-ақ саланы цифрландыру бағытындағы Президент тапсырмаларын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын таныстырды.

Бұдан бөлек, Роман Скляр Қытаймен шекарадағы «Нұр Жолы» өткізу пунктіне жасаған жұмыс сапарының қорытындысын баяндады. Онда өткізу мүмкіндігін арттыру, логистикалық инфрақұрылымды жақсарту, кедендік рәсімдерді цифрлық технологиялар арқылы жеделдету бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыру барысы қаралды. Атап айтқанда, осы жылдың соңына дейін «Нұр Жолы» өткізу пунктінде ірі жүктерге арналған айналма жол құрылысы аяқталады. Бұл жүк ағынын арттырып, қызмет сапасын жақсартады және Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарға жаңа серпін бермек. Бүгінде қытайлық тараппен өткізу пункттерінің тәулік бойы жұмыс істеу мүмкіндігі және автокөлік құралдарын қабылдау көлемін ұлғайту мәселелері пысықталып жатыр.

Теміржол саласында 2025 жылғы желтоқсанға дейін «Достық – Мойынты» учаскесінде екінші жолдар және Алматы стансасының айналма теміржол желісі құрылысын аяқтау жоспарланған.

Теңіз көлігі саласында контейнерлерді өңдеу қуатын жылына 240 мың ЖФЭ (жиырма футтық контейнер) деңгейіне дейін жеткізу көзделген. Бұл мақсатта осы жылдың желтоқсанында жаңа терминал іске қосылады. Жоба Транскаспий халықаралық көлік бағдарының транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Автомобиль көлігі саласы бойынша Қазақстанның Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен шекарадағы 5 автомобильдік кедендік бекетті: Темір баба, Қазығұрт, Тәжен, Майқапшағай және Бақты жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар көлік құралдары мен жүктердің еліміздің аумағына кірген сәтінен бастап, бағыт бойындағы қозғалысы мен шығуына дейінгі аралықты бақылауға мүмкіндік беретін интеллектуалды бейнабақылау жүйелері кезең-кезеңімен енгізілуде.

Әуе көлігі саласында 2025 жылғы желтоқсанға дейін еліміздегі барлық әуежайда «e-Freight» ақпараттық жүйесі енгізіліп, ол «КЕДЕН» және «Agriculture» жүйелерімен толық интеграцияланады. Бұл қағазсыз құжат айналымына толық көшуді қамтамасыз етеді.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін күшейтуге бағытталған барлық жобалардың уақтылы іске асырылуын бақылауда ұстауды тапсырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -