Мәдениет майталмандары — әскери рухтың тірегі

2013
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Бүгін — Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Бұл — ел руханиятына дем беріп, халықтың мәдени көкжиегін кеңейтіп жүрген жандардың кәсіби мерекесі, деп хабарлайды DKnews.kz.

Әрине, бұл мереке — тек мәдениет ошақтарында ғана емес, әскери сапта жүрген өнерпаздар үшін де ерекше мәнге ие.

Қоғам тыныштығы мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген ҚР Ұлттық ұланының қатарында рухани дүниесі бай, өнерге жақын әскери қызметшілер аз емес. Олар саптық міндеттерін мінсіз атқарумен қатар, мәдени іс-шараларға белсене араласып, жеке құрамның рухани тынығуына сеп болып жүр. Әскери бөлімдердегі мәдени демалыс орталықтары сарбаздардың өнерге деген ынтасын оятып, олардың шығармашылық әлеуетін ашатын бірден-бір ортаға айналған.

Аптаның демалыс күндері ұйымдастырылатын концерттік бағдарламалар, сахналық қойылымдар, музыкалық сайыстар мен көңілді тапқыштар клубы сынды шаралар сарбаздар мен офицерлердің бойындағы талантты ашуға мүмкіндік беріп, әскери ұжымның бірлігін нығайта түсуде. Бұл бастама — тәртіп пен тәрбиені руханиятпен ұштастыра білген жарқын үлгі.

Әсіресе, Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінде әскери оркестрдің орны ерекше. Ұлттық ұлан құрамындағы оркестр ұжымы — әскери қызмет пен мәдениеттің арасын жалғайтын рухани көпір. Олардың репертуарындағы патриоттық және әскери әндер елге, жерге деген сүйіспеншілікті күшейтіп, халық пен әскер арасындағы байланысты бекемдей түсуде. Соның бір айғағы — Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында өткізілген концерттер. Оркестр мүшелері қаланың саябақтарында, қоғамдық орындарда өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Осы айтулы мереке күні мәдениет пен өнер жолында еңбек етіп жүрген барша азаматтарды шын жүректен құттықтаймыз! Әскери қызметпен қатар шығармашылықты серік еткен әріптестерімізге шабыт пен табыс тілейміз. Ел игілігіне бағытталған еңбектеріңіз баянды болсын, өнерлеріңіз биіктен көріне берсін!

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -