Балаларды қорғау күні қарсаңында Алматы қаласы Полиция департаментіне қарасты Алмалы аудандық полиция басқармасымен бірлескен «Полиция – балалардың қорғаны» акциясы аясында Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде Ашық есік күні өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Аталмыш шараға әскери бөліммен меморандумға отырған Каспий университетінің жанындағы колледждің 300-ге жуық студенті және аудан мектептеріндегі «Жас сақшы» сыныбының оқушылары қатысты.
Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өту – мемлекет пен қоғамның назарын әрбір жас қазақстандықтың әл-ауқатын жақсарту мен олардың мүдделеріне аударуға тағы бір көңіл аудартады. Іс-шараның негізгі идеясы – әрбір баланың үніне құлақ асатын, қорғалғанын және қажеттілігін сезіндіре алатын ортаны қалыптастыру. Бұл шара – ұлттың бүгіні мен ертеңінің негізі саналатын балалардың жарқын болашағына деген сенімнің көрінісі.
Әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Ұлықбек Қараев:
-Мемлекет Басшысының IV Ұлттық құрылтай отырысында атап өткен «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасын әзірлеу жөніндегі бастамасын қолдау мақсатында біз жергілікті мектеп және колледждермен көптеген жұмыстарды бірлесіп атқарып жатырмыз. Бүгінгі шарада өскелең ұрпақ бойында әскери қызмет туралы түсінік, заң және тәртіп мәдениетін қалыптастыру көзделген, - деп өткізіліп жатқан шараның маңызын түсіндірді.
Каспий колледжінің студенті Нұрғабыл Айқын бүгінгі күннің ерекше болғандығын айтып, әсерімен бөлісті:
-Біз бүгін сарбаздардың біркүндік өмірімен таныстық. Әскери техника және қару-жарақ көрмесін көрдік. Әсіресе қызметтік иттерді пайдаланып шартты түрдегі жарылғыш заттарды іздеу мен қылмыскерді ұстау жаттығулары маған қатты ұнады. Әскерилендірілген спорттық эстафета ойындарын ойнадық. Мен әскер туралы өте жақсы пікірде қалдым. Болашақта Отан алдындағы борышымды абыроймен өтеймін деп сенімді түрде айта аламын.
Алмалы аудандық полиция басқармасының аға инспекторы полиция майоры Арайлы Оспанова балаларға құқықтары мен міндеттері туралы әңгіме жүргізді. Сондай-ақ, әскери бөлімнің клубында кәсіптік бағдар беру бойынша «Қазақстан Республиксы Ұлттық ұланы Академиясы» туралы деректі фильм және «Мен – құқықтық тәртіп әскерімін» презентациясы көрсетілді.
Шара соңында белсенділік танытқан студенттер мен оқушылар әскери бөлім тарапынан марапатталды.