Алматы қаласының жаңа әкімі болып Дархан Сатыбалды тағайындалды, деп хабарлайды DKnews.kz.
2025 жылдың 24 мамырында Алматы қаласы мәслихатының VIII шақырылымындағы депутаттар бірауыздан Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдының мегаполис әкімі лауазымына кандидатурасын қолдады.
Дархан Сатыбалдының Алматы қаласының әкімі болып тағайындалуы туралы Жарлыққа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
"Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалсын, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылсын" Ақорда
Өмірбаяны мен білімі
Дархан Сатыбалды 1974 жылы 26 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1996 жылы С. Сейфуллин атындағы Ақмола ауыл шаруашылығы институтын, ал 2003 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын тәмамдаған.
Қызмет жолы
Еңбек жолын туған өңіріндегі Келес совхозында ауыл шаруашылығы саласында бастаған. Кейін экономист, бас бухгалтер қызметтерін атқарып, мемлекеттік қызметке ауысқан.
1996–1999 жылдары түрлі кәсіпорындарда экономикалық бағытта еңбек етті. 2000 жылдан бастап мемлекеттік органдарда жұмыс істеді: Қаржы министрлігінде бақылаушы, кейін Президент Әкімшілігінде мемлекеттік сатып алулар мен бюджеттік жоспарлау мәселелерімен айналысты.
Сатыбалды әр жылдары маңызды мемлекеттік лауазымдарды атқарды:
- Жоғарғы сот жүйесінде – сот орындаушысы,
- Білім және ғылым министрлігінде – қаржы департаменті директорының орынбасары,
- Ұлттық қауіпсіздік комитетінде – департамент басшысы,
- Премьер-Министр кеңсесінде – әлеуметтік-экономикалық бөлім басшысының орынбасары.
2013–2015 жылдары Шымкент қаласының әкімі болды. Кейін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды.
2019–2022 жылдары Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. 2022–2025 жылдары Түркістан облысының әкімі болды. 2025 жылдың қаңтарында Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Мемлекеттік марапаттары
Дархан Сатыбалды — «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері. Сонымен қатар Президенттің алғыс хаты мен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. I дәрежелі Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесі бар.
Алматы үшін жаңа міндеттер
Дархан Сатыбалдының Алматы қаласының әкімі қызметіне келуі қала тұрғындары мен сарапшылар арасында үлкен қызығушылық тудыруда. Оның мемлекеттік басқару, экономика, халықаралық қатынастар және аймақтық даму салаларындағы бай тәжірибесі мегаполистің өзекті мәселелерін тиімді шешіп, қаланың инфрақұрылымын жаңғырту, әлеуметтік саланы дамыту және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге серпін береді деген үміт бар.