Қазақстандықтар үшін автосақтандырудың жаңа тарифтері: артықшылықтары мен кемшіліктері

3520
Фотосурет: freepik.com

2025 жылғы 7 сәуірден бастап Қазақстанда міндетті автокөлік сақтандыруы – КҚИ АҚЖС бойынша жаңа тарифтер күшіне енді.

Енді олар жүргізушінің жасы мен тәжірибесін ғана емес, сонымен қатар жол-көлік оқиғаларына тап болу деңгейін де ескереді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Осы өзгерістердің нәтижесінде кейбір жүргізушілер үшін сақтандыру бағасы қымбаттады, жаңа жүйе туралы түрлі мифтер де көбейе бастады. Ендеше, ең көп таралған жаңсақ пікірлерді бірге талдайық.

Миф 1 – 2025 жылғы 7 сәуірден бастап міндетті сақтандырудың базалық мөлшерлемесі жаңа тарифтермен бірге өсті. Сондықтан кейбіреулер КҚИ АҚЖС үшін 112 мың теңге төлесе, мопед жүргізушілері 50 мың теңгеге дейін төлейді.

Шын мәнінде, сақтандыру сыйақысының мөлшері 2007 жылдан бері өзгерген жоқ. Ол ҚР «Сақтандыру қызметі туралы» Заңымен 1,9 АЕК мөлшерінде белгіленген. 2025 жылы бұл – 7 471 теңге. Сақтандыру бағасының өсуі – енді жүргізушінің жеке сипаттамалары есепке алынатындығында. Егер сіз тәжірибелі және ұқыпты жүргізуші болсаңыз – аз төлейсіз. Ал тәуекелі жоғары, тәжірибесіз жүргізуші көп төлейді – себебі, қауіп те жоғары.

Мысалы, биылғы көктемнен бастап жаңа жүргізушілер “А” класына жатқызылатын болады. Олар әлі жолда тәжірибе жинамағандықтан, сақтандыру компаниялары мен жолдағы өзге қатысушылар үшін қауіпті саналады.

Статистикаға сәйкес, алғаш рет сақтандырылған жүргізушілердің келісімшарттары бойынша шығындылық 100%-дан асады. Бұрын бұл шығындар тәуекелі төмен, тәжірибелі жүргізушілердің есебінен жабылатын.

Енді егер тәжірибесіз жүргізуші бір жыл бойы апатқа ұшырамай, жол ережесін бұзбай жүрсе, келесі жылы сақтандыру құны екі есе төмендейді. Мұндай жүйе әлемнің көптеген елдерінде – Германия, Италия, Нидерланды, Канада, Австралия және басқаларында сәтті қолданып келеді.

Яғни, тәжірибелі жүргізушілер тәжірибесіздердің орнына артық төлемейтін болады.

Қазіргі таңда сақтандыру құны келесідей: алғаш рет сақтандырылған жүргізуші (А класы) үшін – 64 972 теңге, екі жыл бойы апатсыз жүрген А класы жүргізушісі (3-класс) үшін – 36 096 теңге, ал ең тәжірибелі және апатсыз жүрген жүргізуші (13-класс) үшін – 18 048 теңге.

Миф 2 – Шетелдік жүргізушілер сақтандыру үшін қазақстандықтарға қарағанда аз төлейді

Бұл шындыққа жанаспайтын пікір. Шетелдік жүргізушілерге де қазақстандық азаматтарға қолданылатын «бонус-малус» жүйесі бірдей қолданылады. Сақтандыру полисінің бағасын есептегенде «резидент» не «резидент емес» деген ұғым ескерілмейді.

Сонымен қатар, уақытша әкелінген көліктерге енді «бонус-малус» жүйесі бойынша ең жоғары – 13-класс қолданылатын болды (бұрын 3-класс болатын). Бұған себеп қарапайым: мұндай сақтандыру келісімшарттары бойынша шығындылық деңгейі небәрі 15–20%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш шетелдік жүргізушілердің басым бөлігі өте ұқыпты жүретінін көрсетеді. Сондықтан да олардың сақтандыру полисінің бағасы төмен болуы заңды.

Ал егер шетелдік азамат көлікті Қазақстанда алғаш рет тіркейтін болса, ол да басқа жаңа жүргізушілер секілді жоғары коэффициенттер бойынша сақтандыру құнын төлейді.

Миф 3 – Жүргізушілердің еркін жүру құқығы шектелді, өйткені басқа облыста жол-көлік оқиғасына ұшыраса, олардың «бонус-малус» класы төмендейді

Қазақстан жүргізушілері ел аумағында еркін жүріп-тұруға, сондай-ақ шетелге шығуға толық құқылы. Алайда енді міндетті сақтандыру рәсімделген кезде көліктің тіркелген аймағы мен нақты пайдаланылатын өңірі ескерілетін болады.

Көптеген жүргізушілер көлікті бір облыста тіркеп, бірақ басқа өңірде тұрақты түрде жүретіні баршаға мәлім. Көшу, басқа қалада такси қызметінде жұмыс істеу және тағы басқа себептермен адамдар өңір ауыстырады. Егер көлік жүретін өңір жол-көлік оқиғалары жиі болатын аймаққа жатса, оған сәйкес сақтандыру құны да жоғары болады.

Бұл басқа жүргізушілерге қатысты әділ, әрі көлікті тіркеу өңірінен тыс жерде жүйелі түрде қолданатындарға қосымша ынталандыру. Оның үстіне, бұл ереже тек көлік тіркелген аймақпен салыстырғанда апаттылық деңгейі жоғары өңірде жол апаты болған жағдайда ғана қолданылады.

Миф 4 – Жаңа тарифтер сақтандыру компанияларымен және қоғаммен келісілмей енгізілді

Мұндай пікір, негізінен, сақтандыру саласындағы жаңалықтарды тұрақты түрде бақыламайтын адамдарда қалыптасуы мүмкін. Бұл жаңалық сақтандыру нарығының қатысушылары арасында әлдеқашан талқыланған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Басқармасының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №87 қаулысымен бекітілген «Сақтандыру қызметін жетілдіру мәселелері бойынша кейбір нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес қабылданған. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Сонымен бірге, оған қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама және тәуелсіз қоғамдық ұйымдардың қорытындылары алынды. Жүргізілген сараптамалар барысында адам құқықтарын бұзатын нормалар анықталған жоқ. Құжат жобасы сақтандыру нарығының қатысушылары және мемлекеттік органдармен келісілді.

Миф 5 – Міндетті сақтандыру жүйесін өзгертудің қажеті жоқ

Өкінішке орай, Қазақстанда міндетті автокөлік сақтандыруы бірнеше жылдан бері сақтандыру компаниялары үшін шығынды бағыт болып келеді. Соңғы 5 жылда сақтандыру төлемдерінің көлемі 173%-ға немесе 50,7 млрд теңгеге артса, сақтандыру сыйақыларының өсімі небәрі 48% немесе 32,4 млрд теңгені ғана құрады. Яғни, бұл салада сақтандыру компаниялары тек жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерге өтемақы төлеп келеді, бірақ табыс таппайды.

АҚЖС полистерінің 70%-дан астамын қамтитын алты ірі сақтандыру компаниясының шығындылығы 90%-дан асады. Бұған қоса, тарифтерді қайта қараудың қажеттілігі инфляциямен, қосалқы бөлшектер мен жөндеу қызметтерінің қымбаттауымен де байланысты. Егер бұл мәселелер шешілмесе, компаниялар міндетті сақтандыру келісімшарттарын жасаудан бас тартып, нарықтан кетуі мүмкін. Көріп отырғанымыздай, АҚЖС тарифтерін жаңарту – бұл уақыт талабы мен әділеттілік мәселесі.

Тағы бір маңызды жайт – Қазақстан жол-көлік оқиғалары бойынша әлемде қауіпті елдердің бірі болып саналады. Дүниежүзілік статистикаға сүйенсек, әр 1 000 000 адамға шаққанда елімізде жыл сайын 126,8 адам жол апатынан қаза табады. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде үшінші орында, бізден жоғары тек АҚШ пен Ресей. Мысалы, көрші Өзбекстанда бұл көрсеткіш – 69,2, Қырғызстанда – 106,8. Ал тіпті Еуропада «ең қауіпті жүргізушілері» саналатын Грецияда бұл көрсеткіш 58,6 адамды құрайды.

Жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітімге әртүрлі факторлар әсер етеді, бірақ олардың ішіндегі ең бастысы – жүргізушілердің жолдағы тәртібі.

«Жаңа АҚЖС тарифтері ұқыпты жүргізушілерді ынталандырады. Оларды жол ережелерін сақтауға ұмтылдырып, нәтижесінде апаттар мен адам өлімін азайтады. Ал адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ» Freedom Insurance АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаев

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -