Астанада жетекші мамандар заманауи әскери медицинаның жетістіктерін талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бас әскери клиникалық госпиталь Астана медицина университетімен бірлесіп, Қазақстанның Қарулы күштеріндегі әскери медицинаның рөлі жөнінде республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Оған ҚР Қарулы күштерінің Бас әскери-медициналық басқармасынан, Ұлттық ғылыми медициналық орталығынан, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығынан, Астана медицина университетінен және басқа да мекемелерден 200-ден астам жетекші медицина маманы қатысты.
Конференция шеңберінде еліміздің жетекші профессорларының қатысуымен пленарлық сессия, оған қоса жас ғалымдардың постерлік сессиясы өтті.
Жетекші мамандар инфекцияларды диагностикалаудың заманауи тәсілдері және аяқ диабеті синдромын емдеу әдістері туралы айтты. Бұдан бөлек ұрыс қимылы жүріп жатқан аймақта медициналық көмекті ұйымдастыруға назар аударылды. Бірегей инновациялық әдістерді қолдана отырып, жауынгерлік жарақатты емдеу нәтижелері талқыланды.
Конференцияға қатысушылар оқу-жаттығу жиыны кезінде жоғары медициналық оқу орындарының әскери кафедралары жанындағы запастағы медициналық қызмет офицерлерін оқыту тәжірибесімен бөлісіп, әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау мен жауынгерлік қабілетін қалпына келтірудегі әскери-медициналық оңалтудың рөлін атап өтті.