Алматы қаласында жаңа картон мен қағаз өндіретін зауыт салынады – бұл «Жасыл даму» АҚ жобасы, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Жасыл даму» АҚ мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ бірлесіп, Алматы қаласының индустриялық аймағында жаңа картон мен қағаз өндіретін зауыт салу үшін 37,1 млрд теңге көлемінде инновациялық жобаны қаржыландырды.
Болашақ кәсіпорынның бірегейлігі – шикізат ретінде қайта өңделген макулатураны пайдалануында, бұл экологиялық жүктемені азайтып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға септігін тигізеді.
«KZ Recycling» ЖШС – Қазақстан бойынша ғана емес, Ресейдің бірнеше қалаларында да макулатура жинау бойынша кең өкілдік желісі бар жалғыз отандық компания.
Мемлекеттік деңгейде қолдау тапқан жоба жаңа өндірістік кешеннің құрылысын және қолданыстағы зауытты жаңғыртуды қамтиды. Бұл гофрлеу қағазы, гофрленген картонның тегіс қабаттарына арналған картон және гипсокартон бұйымдарына арналған қаптау картонын өндіру көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде құрамында масса дайындау қондырғылары, қағаз жасау машиналары, ағын суларды тазарту құрылғылары мен қазандықтар секілді жоғары технологиялы жүйелермен жабдықталған қағаз және картон өндіру желісі іске қосылады.
Құрылыс-монтаж жұмыстарына 12 млрд теңге қарастырылған, ал жабдықтар мен арнайы техниканы лизингке сатып алуға тағы 25,1 млрд теңге бөлінген.
Жеңілдетілген қаржыландыру механизмі келесідей: «Жасыл даму» кәсіпорны утилизациялық төлемнен жиналған қаражатты Өнеркәсіпті дамыту қорына аударады, ал Қор өз кезегінде «KZ Recycling» ЖШС-не жылдық 3% мөлшерлемемен, 15 жыл мерзімге, 2 жылға дейінгі жеңілдік кезеңімен заем береді.
Осылайша, бұл жоба – Қазақстандағы қайта өңдеу және қаптама материалдарын өндіру саласындағы ең ірі инвестициялық жоба болып табылады. Ол жаңа жұмыс орындарының ашылуына, экологиялық жағдайдың жақсаруына және елдің халықаралық «жасыл» нарықтардағы позициясын нығайтуға ықпал етеді.