Астана қаласында өткен Astana International Forum аясында Corporate Chess Cup 2025 шахмат турнирі өтті. Бұл турнирдің жеңімпазы әрі корпорациялар арасындағы шахматтан II әлем чемпионатына жолдама иегері ERG (Eurasian Resources Group) командасы болды.
Әртүрлі мәліметтерге сәйкес, бүгінде әлемде 700 мыңнан астам белсенді шахмат әуесқойы бар. Ал Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) шахматты тұрақты түрде ойнайтын адам санын 1 миллиарқа жеткізуді өз мақсаттарының бірі ретінде атап өтеді. Алайда бұқаралық сипат көбінесе шахмат федерациялары, клубтары мен турнирлеріне демеушілер тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдауға тәуелді. Осы себепті 2024 жылдың 14-17 маусым аралығында Нью-Йорк қаласында (АҚШ) өткен корпорациялар арасындағы шахматтан I әлем чемпионатының (FIDE World Corporate Chess Championship) финалдық турнирі үлкен қызығушылық тудырды.
2025 жылы бұл турнир екінші рет өтеді. Онда басқа да командалармен қатар Қазақстаннан іріктеу кезеңінен өткен команда да қатысады. Іріктеу турнирі ретінде Corporate Chess Cup 2025 сайысы өтті. Бұл жарысты Astana International Forum (AIF2025) халықаралық форумы аясында KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы (ҚШФ) Freedom Holding Corp. және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (AIFC) қолдауымен ұйымдастырды.
Olzhabai Arlan/KazChess
Жарыс 29 мамырда сағат 14:30-да AIFC Сауда залында басталды. Шараның жоғары мәртебесін KazChess/ҚШФ вице-президенттерінің қатысуы айқындады. Құрметті қонақтар қатарында ФИДЕ президентінің кеңесшісі Берік Балғабаев, Түрікменстан шахмат федерациясының төрағасы Вепа Мяликгулыев және PythonAnywhere бұлтты платформасының серіктесі, @GRADIA-ның негізін қалаушы және атқарушы директоры Конрад Хо болды.
Турнирдің жүлде қоры да назар аударуға тұрарлық: жеңімпаз командаға корпорациялар арасында өтетін әлем чемпионаты-2025 турниріне (FIDE World Corporate Chess Championship 2025) қатысу құқығымен бірге 1 млн теңге берілді. 2-орын алған команда – ₸650 000, ал 3-орын иегері – ₸350 000 иеленді. Команда ойыншылары медальдармен және дипломдармен марапатталды.
Olzhabai Arlan/KazChess
Бас төреші Асылхан Караев жарыстың регламентін қысқаша таныстырып өтті. ҚР Мемлекеттік гимні мен ФИДЕ гимні орындалды. негізгі 4 ойыншы және қажет болған жағдайда 1 қосалқы ойыншыдан құралған, 2000-нан аспайтын Эло рейтингпен (классика, рапид, блиц) 20 команда 10+2 уақыт бақылауымен (әр партияға 10 минут және бірінші жүрістен бастап әр жүріске 2 секунд) швейцар жүйесі бойынша 7 тур ойнады.
Алғашқы турлардан-ақ көш басына рейтинг бойынша үздіктер шықты: ERG (Eurasian Resources Group) (орташа рейтинг – 1884), «Қазмедиа Орталығы» (БК) ЖШС (1732), NCOC (North Caspian Operating Company) (1565) және Freedom Holding Corp. (1483). 3-ші турда, екі жеңістен кейін осы командалар бір-бірімен кездесті: ERG – Freedom Holding Corp. жәнеNCOC мен «Қазмедиа Орталығы». Бірінші жұпта жеңімпаз айқындалмады – 2-2, ал екінші жұпта 3-1 есебімен «мұнайшылар» жеңді.Олар 6 командалық ұпаймен (жеңіске – 2 ұпай, тең ойынға – 1 ұпай, жеңіліске – 0 ұпай берілді) турнир кестесінің көшін жеке-дара бастады.
4-ші турда NCOC тағы бір негізгі қарсыласын – Freedom Holding Corp.-ты 3–1 есебімен ұтты. Қорытынды жеңіске үміткер болды. Алайда 5-ші турда олар ERG командасынан 1–3 есебімен жеңіліп, көшбасшылықты «евразиялықтарға» берді.
Жарыс соңына екі тур қалғанда көшбасшылар былайша орналасты: ERG – 9 командалық ұпай, NCOC пен «Қазмедиа Орталығы» – 8, Freedom Holding Corp. және «Mycar Group» – 7. Және ERG қалған үштікпен ойнап қойғандықтан, мынадай сұрақ туындады: «Қазмедиа Орталығы» көшбасшы команданы тоқтата ала ма? Тоқтата алмады… ERG – «Қазмедиа Орталығы» – 4–0. Тас-талқан етті! Соңғы турда «еуразиялықтарға» Kazakhmys Group қарсы тұрды, бірақ бұл сенсация жасай алатын қарсылас емес еді. Ал 2½–1½ есебімен тіркелген қарапайым жеңіс нақты нүкте қойды.
Olzhabai Arlan/KazChess
Турнирдің қорытынды нәтижелері
- ERG – 13 командалық ұпай, 22½ жеке ұпай;
- NCOC (North Caspian Operating Company) – 12, 21;
- Freedom Holding Corp. – 10, 18.
Бірден алты (!) команда 8 ұпай жинады, сондықтан олардың үшеуі үшін тек жеке ұпай ғана емес, Бухгольц коэффициенті де есептелді:
4. Astana Hub – 8, 16½; 5. Allur – 8, 15; 6. «Қазмедиа Орталығы БК» ЖШС – 8, 14½, 122; 7. Президент Іс Басқармасы Құрамасы – 8, 14½, 108½; 8. ҚР Ұлттық Банкі – 8, 14½, 99; 9. ForteBank – 8, 14.
Ал әлем чемпионатына жолдаманы ERG (Eurasian Resources Group) командасы жеңіп алды. Бұл командада тақта реті бойынша мотивация жөніндегі сарапшы Әділ Досов, Дидар Ирманов жабдықтар мен машиналарды жөндеу шебері, ауыспалы ауысымдағы электр шебері Баубек Қожаниязов, өндіріс процесінде шикізатты, жартылай фабрикаттарды және дайын өнімді тасымалдау бойынша бригадир (дәл солай!) Мейрамбек Ақбалин және бизнес-талдаушы Думан Оспанов өнер көрсетті.
Olzhabai Arlan/KazChess
Айта кетерлік жайт, «Форбс Қазақстан» сайтында 10 жыл бұрын шыққан, Хромтауда гроссмейстер, қазіргі әйелдер құрамасының бас бапкері Павел Коцур берген сеанс туралы мақалада Ақтөбе ферроқорытпа зауытының балқытушысы Мейрамбек Ақбалин мен сол зауыттың электр шебері Баубек Қожаниязовтың есімдері аталады.
Ал Freedom Holding Corp. құрамында екі турда оның негізгі акционері және бас атқарушы директоры (CEO), сондай-ақ KazChess/ҚШФ президенті Тимур Турлов ойнады.