Тарихшы ғалымдар Қазақстанның Ұлы Жеңіске қосқан үлесін талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға тарихшы ғалымдар, мұрағатшы-зерттеушілер, мұражай ісінің мамандары және қоғам қайраткерлері қатысып, қазақстандықтардың Жеңіске қосқан елеулі үлесін атап өтті. Соғыс жылдарында Қазақстан әскери өнеркәсіп үшін шикізат пен материалдар жеткізуші ретінде маңызды рөл атқарды, елімізде өндірілген қарумен және оқ-дәрімен қамтамасыз етті.
– Соғыс жылдарында Қазақстанға 220 зауыт пен фабрика көшірілді. Сонымен қатар, елімізде 240 жаңа кәсіпорын салынды. Соғыс жылдарында құйылған он оқтың тоғызы бізде өндірілген қорғасыннан жасалған, – деді Әскери-тарих музейдің бастығы майор Дәулет Қадыров.
Тарихшылар іс жүзінде республиканың әрбір үшінші тұрғыны соғыс және еңбек майдандарына тартылғанын тілге тиек етті. Мұны 1939 жылғы санақ бойынша бағалауға болады. Сол кезде Қазақстан халқы 6,2 млн адам болатын. Әскер қатарында Қазақ КСР-дан 178 мың сарбаз қызмет етті. Сонымен қатар, майданға бір миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанды, өнеркәсіптік нысандар мен құрылыстарда 700 мыңнан астам адам жұмыс істеді.
«С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті» АҚ доценті, ғылым кандидаты Күләш Жұмағалиева атап өткендей, адам шығынына қарамастан, ел салыстырмалы түрде қысқа мерзімде аяққа тұрды. Дегенмен 50-ші жылдардың ортасына дейін Жеңіс күні іс жүзінде тойланбады, сол кезеңде соғыс мүгедектерін әлеуметтік бейімдеу және жұмысқа орналастыру мәселелері өткір болды.
«Қарулы күштердің ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің мүшесі запастағы полковник Ғани Артықов аудандық әскери комиссариаттардың жұмысы туралы айтып берді. Жаппай жұмылдыру үшін Қазақстанда 300 шақыру пункті құрылған.
Отырыста сондай-ақ, Жеңіске жету жолындағы еңбек майданына қатысушылардың рөлі атап өтілді. Қазақстандық батырлар туралы баяндамалар айтылды. Мәселен, Astana IT University колледжінің тарих пәнінің оқытушысы Мадияр Шәкиев Кемел Тоқаевтың жауынгерлік жолы және Сталинград шайқасына қатысқаны жайлы әңгімелеп берді.