Ақтау қаласындағы 3502 әскери бөлімінде әскери борышын абыроймен өтеген сарбаздарды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бір жыл бойы ел тыныштығын күзетіп, тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз еткен жауынгерлер туған үйлеріне аттанды. Шара барысында бөлім командирі подполковник Бекзат Шакаров сарбаздарға жүрекжарды алғысын білдіріп, олардың қызмет барысындағы тәртібі мен жауапкершілігін жоғары бағалады.
"Сіздер Ұлттық ұлан жауынгері деген мәртебелі атаққа лайық екендеріңізді дәлелдедіңіздер. Бұл бөлімде жинаған тәртіп пен білім алдағы өмір жолдарыңызда сенімді серік боларына сенемін" Подполковник Бекзат Шакаров
Сарбаздар атынан сөз сөйлеген қатардағы Әлихан Ермекқалиев қаруластары атынан бөлім басшылығына, командирлерге және тәлімгерлерге ризашылығын білдірді. Ал қатардағы Бекзат Кубаев бір жылдық әскери өмірін «өмірлік мектеп» деп атап өтті.
"Біз мұнда тек әскери машықты меңгеріп қана қоймай, сабыр мен төзім, тәртіп пен жауапкершілік сынды нағыз ер-азаматқа тән қасиеттерді бойымызға сіңірдік. Бұл – әр сарбаз үшін үлкен өмір сабағы" Бекзат Кубаев
Сондай-ақ рәсім соңында сарбаздарға естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталып, олардың Отан алдындағы адал қызметі лайықты түрде бағаланды. Осылайша, ел қорғаны болу мәртебесін абыроймен атқарған жас жауынгерлер туған жерге сағынышпен және мақтанышпен оралмақ.