Астана қаласының тұрғындары жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылған республикалық «Алтайдан Оралға дейін» велошеруінің қатысушыларын сән-салтанатпен қарсы алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Сарыарқа ауданындағы Көктал саябағында оларды Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов, Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбаева, Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бұқаралық спортты дамыту бөлімінің басшысы Жандос Махмұтұлы, сол сияқты еңбек ұжымдары, колледж студенттері және спортсүйер қауым зор ықыласпен құттықтап, қошемет көрсетті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл республикалық велошеру – жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы мәртебесін арттыруға арналған маңызды шара. Мұндай бастамалар еңбектің қадірін айқындап, техникалық және өндірістік салаларға жастардың қызығушылығын оятуды мақсат етеді.
1000 шақырымнан астам жолды еңсеріп, елордаға аман-есен жеткен велошабандоздар бұдан әрі Ақмола облысының Атбасар қаласына аялдайтын болады.
Айта кетейік, велошерудің салтанатты ашылу рәсімі Өскемендегі Тәуелсіздік монументі жанында өтіп, сол жерден сапарға шыққан болатын. Қатысушылар Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстары арқылы жүріп өтіп, Астанаға жетті. Алда олар Ақмола, Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына ат басын бұрады. Велошеруге 236 велошабандоз және Өскемендегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 200-ден астам студенті қатысуда. Велошеру 8 маусымда мәресіне жетеді деп жоспарланып отыр.