Қазақстанда 2020 жылдан бастап қорлардың басқаруындағы активтер көлемі 2 есеге жуық өскен
Реттелетін қорлардың саны 3 есеге артып, 2025 жылдың қаңтарына қарай 175-ке жетті, олардың 101-і АХҚО юрисдикциясында тіркелген, деп хабарлайды DKnews.kz.
АХҚО сарапшылары дайындаған Қазақстанда қорларды басқару жөніндегі аналитикалық есепте осындай деректер келтірілген. Сондай-ақ құжатта Қазақстанның макроэкономикалық шолуы, қазақстандық заңнамамен және АХҚО құқығымен реттелетін қорлардың заңнамалық базасының шолуы, сондай-ақ статистика мен қорлардың түрлері жөніндегі деректер берілген.
«Есепте Қазақстандағы реттелетін инвестициялық қорлардың қызметінің талдауды, жергілікті нарықтың даму динамикасын, сондай-ақ ұлттық реттеу мен қаржы орталығындағы реттеудің құқықтық және нормативтік базасына шолу ұсынылған. АХҚО Қазақстанда және жалпы аймақтағы инвестициялық қорлар нарығының өсуіне жәрдемдесуді жалғастыруда. Біз қор басқарушыларына, инвесторларға және қаржы мекемелеріне жағдай жасайтын прогрессивті құқықтық және қаржылық инфрақұрылымды қалыптастырудамыз» АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров
Есепке сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда реттелетін қорлар басқаруындағы активтердің жалпы көлемі 1,6 миллиард АҚШ долларын құраған. Бұл елдің ЖІӨ-сінің шамамен 0,5%-ын құрайды және 2020 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ұлттық заңнамамен және АХҚО құқығымен реттелетін қорлардың үлесі тең бөлінді – әрқайсысына 800 млн АҚШ доллары тиесілі.
2020 жылдан бастап елдегі реттелетін қорлардың саны 3 есеге өсіп, 2025 жылдың қаңтарына қарай 175-ке жетті. Бұл көрсеткіште «Астана» халықаралық қаржы орталығы маңызды рөл атқарды, оның юрисдикциясында 175 қордың 101-і тіркелген.
Соңғы жылдары инвестициялық қорлар нарығының сандық және сапалық құрылымы біртіндеп күрделене түсуде және қорлар мен нарық қатысушыларының жаңа түрлерінің пайда болуына байланысты кеңейе түсті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда реттелетін қорлар санының 60%-дан астамы тікелей инвестициялау қорларына және тек қана кәсіби клиенттерге қызмет көрсететін хедж-қорларға тиесілі, одан кейін 15% үлеспен пайлық инвестициялық қорлар және 9% үлеспен REIT қорлары тұр.
Тікелей инвестициялар қорлары мен хедж-қорлардың басқаруындағы активтердің жиынтық көлемі 980 млн АҚШ долларын құрады, оның 500 млн АҚШ долларын АХҚО-дағы қорлар басқарады.
Пайлық инвестициялық қорлар басқаруындағы бөлшек инвесторлар үшін қолжетімді активтердің жалпы көлемі 190,2 млн долларды құрады, бұл Қазақстандағы реттелетін қорлар басқаруындағы активтердің жалпы көлемінің шамамен 12%-на тең (2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша АХҚО-да қордың бұл түрі тіркелмеген). Соңғы жылдары пай ұстаушылардың жалпы санының өсуіне қарамастан, бұл көрсеткіш әлі де төмен. Бұл мәндер бөлшек инвесторлар үшін ұжымдық инвестициялар сегментінің әлі іске асырылмаған әлеуетін көрсетеді.
АХҚО юрисдикциясы елдегі реттелетін қорлар санының өсуіне ғана емес, сонымен қатар Қазақстан нарығындағы қорлардың түрлерін әртараптандыруға да ықпал еткенін айта кету керек. Мысалы, АХҚО-да тікелей инвестициялар қорларын, венчурлық капитал қорларын, жылжымайтын мүлік қорларын (REIT), исламдық инвестициялық қорларды, ESG-қорларды, мамандандырылған қорларды (шикізат, криптовалюта, облигациялық қорлар, Umbrella-қорлар) ашуға болады. 2024 жылы АХҚО-ның реттеушісі AFSA – кредиттік қорларды, цифрлық активтер қорларын, биржалық қорларды, ақша нарығы қорларын, инвестициялық токендер мен білікті инвестициялық токендерге инвестиция салатын қорларды қосу арқылы мамандандырылған қорлар тізімін кеңейтті. Тікелей инвестициялар қорлары, венчурлық капитал қорлары және жылжымайтын мүлік қорлары ең көп сұранысқа ие болды.
АХҚО юрисдикциясында тіркелген қорлардың қызметін Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті – AFSA реттейді. Инвесторлардың жіктемесіне байланысты АХҚО қорлардың екі санатын ұсынады: Non-exempt және Exempt қоры (тек кәсіби инвесторлар үшін қолжетімді). АХҚО-да олар бизнестің нақты түрлеріне де, инвестициялық мақсаттарға да бағдарлана отырып құрылуы мүмкін.
АХҚО Қазақстандағы инвестициялық қорларды дамытуда маңызды рөл атқарды. Басқарудағы активтердің және елдегі қорлар санының өсуіне жәрдемдесуден басқа, АХҚО юрисдикциясы жаңа лицензияланған компанияларға нарыққа шығуға мүмкіндік береді. АХҚО-дағы тәуелсіз қор басқарушылары қор түрлерінің кең спектрін ұсынады және елдегі қор индустриясының дамуына ықпал етеді.
Есеп Fonte Capital, OD Consulting және т.б. қолдауымен әзірленді. Ұлттық заңнамадағы және АХҚО-дағы қорлардың айырмашылықтары, сондай-ақ құрылымдық айырмашылықтар туралы толығырақ сілтемесі бойынша зерделеуге болады.