Экология мәселелері Президенттік орталықта талқыланды

4367
Фотосурет: presidentcenterkz

Астанада «Қазақстанның экологиялық болашағы: сын-қатерлер, әріптестік және шешімдер» тақырыбында панельдік пікірсайыс өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

ҚР ПІБ Президенттік орталығының бастамасымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Дүниежүзілік қоршаған орта күніне орай «Қазақстанның экологиялық болашағы: сын-қатерлер, әріптестік және шешімдер» атты панельдік пікірсайыс өтті.

Аталған пікірсайыс Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру бойынша нақты қадамдарды талқылау, тәжірибе алмасу және елдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін бірлескен шешімдерді іздестіру алаңына айналды.

«5 маусым - Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні  басқа елдердер сияқты Қазақстан үшін де  күнтізбедегі жай ғана күн емес. Бұл – табиғаттың нәзіктігін және оған деген ортақ жауапкершілігімізді әрқайсымызға еске салатын күн. Мемлекет Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бір жыл бұрын қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға, ресурстарды жұмылдыруға және қоғамның экологияға деген көзқарасын өзгертуге бағытталған ауқымды «Таза Қазақстан» акциясы басталды. Биылғы жылдың 21 сәуірінде өткен Экологиялық фестиваль барысында Мемлекет басшысы: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әр көшеден және әр қаладан басталуы тиіс. «Таза Қазақстан» акциясы бір реттік шара болмауы керек, ол біздің өмір салтымызға айналуы қажет», – деп атап өтті. Бұл сөздер мемлекет, ғылыми және сараптамалық қауымдастық, бизнес, үкіметтік емес ұйымдар, медиа және азаматтар күш-жігерінің бірігуіне негізделген ұзақ мерзімді жүйелі саясат қалыптастыруға бағытталған тәсілдің мәнін нақты көрсетеді. Біздің далаларымыз, тауларымыз, өзендеріміз, шөлдеріміз бен көлдеріміз – бұл тек табиғи ғана емес, сондай-ақ мәдени-тарихи мұрамыз. Бұл байлықты сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінгі панельдік пікірталас табиғи ресурстарды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және шешімдер іздеуге өз үлесін қосуға бағытталған», – деді ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат өзінің сәлемдесу  сөзінде.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, Мәжіліс депутаттарының, ғылым өкілдерінің, үкіметтік емес ұйымдардың, профессор-оқытушылар құрамының, студенттердің және салалық сарапшылардың қатарынан шамамен 60 адам қатысты.

«Қазақстанның экологиялық болашағын қалдықтарды жүйелі түрде шешпей елестету мүмкін емес. Бүгінде біз жыл сайын 5 миллион тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар (ТҚҚ) өндіреміз, оның тек 20%-ға жуығы ғана қайта өңделеді. Бұл – экологиялық қана емес, сонымен қатар экономикалық мәселе. «Таза Қазақстан» акциясы қоғамда өзгеруге дайындық пен жігер бар екенін көрсетті. Ендігі міндет – осы серпінді мәдениетке және жүйелі жұмысқа айналдыру: экологиялық тәрбиелеу, инфрақұрылымды жаңғырту және барлық тараптардың — мемлекет, бизнес пен азаматтардың — серіктестігі арқылы. Экологиялық мәдениет тұжырымдамасын іске асыру – экологияны тек саясаттың бір бөлігі емес, адамдардың санасының бір бөлігіне айналдыруға берілген мүмкіндік. Әрбір таза аула, қайта өңделген бір килограмм қоқыс, әрбір саналы әрекет – бұл еліміздің тұрақты болашағына қосылған үлес», – айты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сағындықова.

«Өткен жылы біздің министрлік 2024–2029 жылдарға арналған экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын әзірлеп, бекітті. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда табиғи ресурстарды үнемді пайдалану туралы түсінік пен оны жүзеге асыру, өз мінез-құлқын өзгертуге дайын болу, халық пен бизнестің экологиялық сауаттылығы мен жауапкершілігі, сондай-ақ мемлекеттік органдардың тиісті тақырыптық шешімдерді қабылдауы маңызды құрамдас бөліктер болып табылады», – деп өз пікірімен бөлісті ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық саясат департаменті директорының міндетін атқарушы Наталья Даулетьярова.

Спикер сондай-ақ министрліктің экология және қоршаған ортаға ұқыпты қарау саласындағы жүзеге асырылып жатқан жобалары мен іс-шаралары туралы айтып өтті. Атап айтқанда: орман алқаптарын қорғау және қалпына келтіру, атмосфера мен суға зиянды заттардың шығарылуын азайту, жаңартылатын энергия көздерін енгізу, қоқысты бөлек жинау және қайта өңдеу, кең көлемді көгалдандыру жұмыстары және басқа да бастамалар.

Пікірсайысқа спикер ретінде «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ басқармасы төрағасының орынбасары Сауле Қозыке, ҚР Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның сарапшысы Айжан Скакова, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы Экология және табиғатты пайдалану кафедрасының доценті Владимир Дехнич қатысты.

Панельдік пікірталас қорытындысы бойынша еліміздің мемлекеттік органдарына экология және қоршаған орта саласындағы бірлескен шараларға қатысты ұсыныстар әзірленеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -