ҚР ПІБ Президенттік орталығы ғимаратының алдындағы алаңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Арнайы мақсаттағы күштерінің «Айбын» Президенттік полкінің Құрмет қарауылы ротасы мен Президенттік оркестрінің плац-концерті өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл іс-шараның бастамашысы — ҚР ПІБ Президенттік орталығы болды.
Плац-концерт бағдарламасы аясында ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» Президенттік полкінің Құрмет қарауылы ротасының дефилесі және Президенттік оркестрдің ұлттық әрі заманауи музыкалық шығармаларды орындауы ұйымдастырылды. Көрсетілімге барлығы 120 Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкері қатысты.
Айта кету керек, мұндай салтанатты рәсімдер тұрақты түрде Ұлыбританияның Лондон қаласындағы Букингем сарайында, Түркияның Анкара қаласындағы Ататүрік мемориалдық кешенінде, Грекияның Афина қаласындағы Беймәлім жауынгер қабірінің жанында, Ресейдегі Мәскеу Кремлінде, сондай-ақ Ватикандағы Рим Папасының резиденциясында өткізіледі.
Аталған плац-концерт көрермен тарапынан оң бағаланған жағдайда, ҚР Президенттік орталығы 2025 жылдан бастап осындай салтанатты шараларды жыл сайын өткізуге ниетті. Бұл өз кезегінде Қазақстан имиджін ілгерілетуге, отандық және шетелдік қонақтарды тартуға, сондай-ақ болашақта елордадағы туристік көрнекті орындардың біріне айналуына ықпал ететін болады.
Шоу-бағдарламаның көрермендері қатарында мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері, мектеп, лицей және колледж оқушылары, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтары болды.