ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6656 әскери бөлімінде жыл сайынғы дәстүрлі техникалық байқау басталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Шара барысында бөлімдегі барлық автобронетанк және арнайы техникалар толықтай тексерістен өтуде. Техниканың жауынгерлік қабілеті мен техникалық жай-күйі жіті бағаланып, кез келген ақау дер кезінде анықталып, жойылады.
Техникалық байқауға «Батыс» өңірлік қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары, полковник Виктор Мұхатаев жетекшілік етуде.
– Техниканың жақсы жағдайда болуы – қауіпсіздік пен тиімділіктің кепілі. Әрбір бірліктің техникалық жағдайына жіті мән беріп отырмыз, – деді өз сөзінде.
Тексеру барысында техниканың сыртқы келбеті, жарамдылығы және құжаттарының толықтығы басты назарда. Жүргізуші мамандардың әскери билеттері, жүргізуші куәліктері мен техникалық төлқұжаттары да мұқият тексерілуде.
Сондай-ақ қару-жарақ қызметінің жеке құрамы нормативтік-құқықтық құжаттардан білім деңгейін көрсетіп, қару мен оқ-дәріні сақтау және қолдану тәртібі бойынша сынақтан өтті.
Айта кетейік, бұл байқау әскери бөлімдегі техникалық тәртіп пен жауынгерлік дайындықты арттырып қана қоймай, жеке құрам арасында ұқыптылық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруды көздейді.
Байқау қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, техникалық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірленеді.