Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қалалық Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітованың 2024 жылғы туристік саланың даму нәтижесі мен 2025 жылға арналған жоспары жайлы есебін тыңдады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Айтылған мәліметке сәйкес, 2024 жылы Алматыға 2,3 миллион турист келген. Бұл былтырмен салыстырғанда 14,8 пайызға көп. Әсіресе, шетелдік туристер саны айтарлықтай артқан: көрсеткіш 27 пайызға өсіп, 686 мың адамға жетті.
Қалаға келушілер санының артуы Алматы экономикасына септігін тигізіп отыр. 2024 жылы туризм саласынан түскен салық 90,7 млрд теңге болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,9 есе артты. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 110,9 млрд теңгеге жетіп, 2,1 пайызға ұлғайды.
Бұл жүйелі әрі белсенді маркетингтік саясаттың жемісі. Алматы халықаралық туристік рейтингтерде – CNN мен Booking.com секілді платформаларда саяхаттауға арналған ең тартымды бағыттардың бірі ретінде танылып отыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша алматылық туроператорлар шетелдік серіктестермен 156 келісім жасасып, 2027 жылға дейін 110 мыңнан астам шетелдік туристі қабылдауды көздеген. Бұл кезеңдегі күтілетін экономикалық әсер 165 миллион АҚШ доллары болмақ (бір туристің орташа шығыны – 1 500 доллар деп есептелген).
2025 жылы Туризм басқармасының негізгі міндеттері таулы аймақтардағы жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту, қонақ үй қорын кеңейту, сондай-ақ, іскерлік туризмді өркендету болмақ. Бұл бағыттар туристер легінің артуына серпін береді.
Дархан Сатыбалды туризм саласын шаһардың экономикалық дамуына серпін беретін маңызды драйверлердің бірі ретінде атап өтіп, туристік инфрақұрылымға инвестиция тарту және Алматыны ішкі және халықаралық деңгейде тартымды туристік бағыт ретінде дамыту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.