Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының делегациясы Халықаралық прокурорлар қауымдастығының конференциясына қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғалымжан Койгелдиев Моңғолия астанасы – Ұланбатыр қаласында өткен Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған Халықаралық прокурорлар қауымдастығының өңірлік конференциясына қатысты.
Конференцияға әлемнің 20-дан астам елінің жоғары қадағалау органдарының басшылары қатысып, ол «Прокурордың рөлінің эволюциясы: киберқылмыспен күрестегі сын-қатерлер мен озық тәжірибе» тақырыбына арналды.
Іс-шараны Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух ашып, заң үстемдігін қамтамасыз етуде және азаматтардың құқықтарын қорғауда прокуратура органдарының ерекше маңызын атап өтті, сондай-ақ, ұйымдасқан қылмыспен күрес және заманауи трансұлттық қауіптерге қарсы тұруда халықаралық ынтымақтастықтың өзектілігін ерекше атады.
Конференция барысында цифрлық қауіпсіздік, киберқылмыспен күрестегі заманауи технологияларды қолдану, сондай-ақ қазіргі заманғы цифрлық платформалардың қылмыс деңгейіне ықпалы сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Қорытындысында қатысушылар күн тәртібі бойынша тәжірибе алмасуға жоғары қызығушылық білдіріп, заманауи ақпараттық технологиялар дамыған жағдайда халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру үшін қажетті жағдайлар жасауға уағдаласты.
Сонымен қатар, іс-шара аясында Ғ. Көйгелдиев Моңғолияның Бас прокурорымен, сондай-ақ Әзербайжан, Гонконг, Тәжікстан және басқа да елдердің прокуратура басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында қылмысқа қарсы іс-қимыл және іздеуде жүрген адамдарды экстрадициялау салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланып, одан әрі өзара іс-қимыл бойынша бірлескен қадамдар белгіленді.