Қазақстан мен Қытай қаржы саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып жатыр

1452
Фотосурет: primeminister.kz

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Industrial and Commercial Bank of China басқарма төрағасы Лю Цзюньмен кездесу өткізді. Онда инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету перспективалары және ұзақмерзімді қаржыландыруды тарту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.

2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты тауар айналымы $44 млрд-ты құрап, рекордтық көрсеткішке жетті. 2025 жылдың 4 айы қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі одан әрі өсіп, тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4%-ға өсті. Бүгінде Қытай Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді, жинақталған капитал салымдарының көлемі $26 млрд-ты құрайды.

Премьер-министр Қытай Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі саналатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы экономикаға инвестиция тарту міндетін қойды. Үкімет халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты нығайту бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Қазақстан мен Қытайдың екі ел көшбасшылары арасындағы тікелей достыққа негізделген сенім мен сыйластық байланыстары тереңде жатыр. Біз ICBC-мен ұзақмерзімді стратегиялық серіктестікті дамытуға мүдделіміз. Жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыру екі ел арасындағы қаржы-экономикалық байланыстарды нығайтуға және бірлескен дамудың жаңа көкжиектерін ашуға ықпал етеді» Олжас Бектенов 

Қазақстанда ICBC еншілес банкі – «Алматы қаласындағы Қытайдың сауда-өнеркәсіп банкі» АҚ еншілес банкі жұмыс істейді. Кездесуде ICBC экономиканың негізгі салаларын қолдауға қатысқаны, оның ішінде «Бәйтерек» холдингімен бірлескен жобаларды жүзеге асырғаны атап өтілді.

Осылайша, 2025 жылдың наурыз айында Холдинг «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаржыландыру үшін 430 млн юань тартты. Бұл Қазақстанның аграрлық саласын тұрақты түрде ұзақмерзімді қаржыландыруды қамтамасыз етудегі маңызды қадам болды.

Қазіргі уақытта «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ үшін 1 млрд юаньнан астам сомаға қосымша несие тарту мүмкіндігі пысықталуда. Сондай-ақ 5 млрд юаньға дейінгі көлемдегі облигацияларды орналастыру арқылы Қытайдың қарыз нарығына шығу перспективасы қарастырылуда.

ҚР Үкіметінің тұрақты және «жасыл» қаржыландыру жобаларын қоса алғанда, жаңа құралдарды бірлесіп жүзеге асыруға ашықтығы, сондай-ақ өнеркәсіпті, инфрақұрылымды және экспорттық әлеуетті қолдау тетіктерін дамыту әзірлігі атап өтілді.

Лю Цзюнь ICBC қаржы жүйесін қолдауға және инновацияларды дамытуға бағытталған ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтылатынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытайдың екіжақты қарым-қатынастарды, оның ішінде екі елдің бизнес-қоғамдастықтары арасындағы белсенді өзара іс-қимылы арқылы нығайтуға толық мүмкіндігі бар.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -