Алматы әкімі Дархан Сатыбалды ақаусыз және қатты зақымданбаған жиектастар мен асфальтты ауыстыруға қатысты ескерту жасады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Дархан Сатыбалды Бостандық ауданындағы жобалардың жүзеге асу барысын тексерді:
Назарбаев даңғылы мен Ганди көшесінің қиылысындағы сквердің жалпы аумағы 4,16 га. Қазіргі уақытта тоған салынып, ұңғымалар бұрғыланып, инженерлік желілер тартылып жатыр. Әкім көгалдандыруға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.
Әл-Фараби даңғылы бойындағы Есентай өзеніндегі көпірді жаңарту жұмыстары 60% аяқталған. Жұмыстар жасыл желекті сақтау үшін уақытша тоқтатылған, жобаға тиісті өзгерістер енгізілген. Әкім нысанның құрылысы мерзімінде аяқталып, жағалау аймағының көркемдік келбеті сақталуға тиіс екенін ескертті.
1 500 орындық мектеп құрылысы – әрлеу және көркейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқу жиһаздары жеткізілген. Мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.
Торайғыров көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер аймағы – ХҚБ аясында жасалған. Жұмыс қазан айында аяқталады. Аумақ көгалдандырылып, тротуарлар, веложолдар, спорт және балалар алаңдары жаңартылып, жарықтандыру жүйесі жүргізіледі.
Гагарин даңғылында (Жандосов — Абай аралығы) көркейту жұмыстары аяқталды. Жаңа орындықтар қойылып, жарық шамдары орнатылған, спорт алаңдары мен суару жүйелері қалпына келтірілген.
Сөз соңында қала әкімі ақаусыз және айтарлықтай бүлінбеген асфальтты ауыстыруға байланысты ойын айтып, мұндай жұмыстар шынымен де қажеттілік туындаған кезде ғана жүргізілуі керектігін жауапты тұлғаларға қатаң ескертті.