Дархан Сатыбалды Бостандық ауданына жұмыс сапарымен барып, көркейту, білім беру және инфрақұрылым жобаларымен танысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қала басшысы сапарын Назарбаев даңғылының батысында және Ганди көшесінің солтүстігінде салынып жатқан жаңа скверден бастады. Жалпы аумағы 4,16 гектар. Жоба жергілікті бюджет пен демеушілер есебінен қаржыландырылған.
Қазіргі таңда субұрқақ, жерасты құрылымдары, кеспе тас және кейбір жабындарды бұзу жұмыстары аяқталған. Қазір тоған мен іргетас салу, ұңғыма қазу, инженерлік желілер тарту, аумақты жоспарлау және қоқыс шығару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Шаһар басшысы аумақты көгалдандыру мен көркейтуге жұмыстарына баса назар аударуды тапсырды.
Сондай-ақ, Алматы әкімі әл-Фараби даңғылы бойындағы Есентай өзеніндегі көпірдің қайта жаңарту барысымен танысты. Қазіргі таңда жобаның 60%-ы аяқталған. Автокөлік көпірін жаңарту аяқталып, өзеннен қауіпсіз өту үшін екі уақытша көпір салынған.
Жасыл желекті сақтау және жаяу жүргіншілер мен велосипедпен жүретін тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары біршама уақытқа тоқтатылған болатын. Жоба-сметалық құжаттама қайта нақтыланып, мемлекеттік сараптамаға жолданды.
Алматы әкімі құрылыс жұмыстарын қысқа мерзім ішінде жоғары сапамен аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, Дархан Сатыбалды жағалаудың табиғи және эстетикалық келбетін сақтауға ерекше мән беруді міндеттеді.
Бұдан кейін қала әкімі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 1500 орындық жаңа мектептің құрылыс алаңына барды. Бұл оқу орны жаңа оқу жылында есігін айқара ашады.
Қазіргі таңда мектеп ғимаратының монолитті құрылыс жұмыстары аяқталып, бірінші қабатта ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қасбет 98% дайын. Мектеп аумағында көркейту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оқу кабинеттері, кітапхана және инклюзивті білім беруге арналған бөлмелер қажетті жиһазбен толық қамтылған.
Сондай-ақ, әкім «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Торайғыров көшесінде жүзеге асырылып жатқан жаяу жүргіншілер аймағының көркейту жұмыстарымен танысты. Бұл жобаны биыл қазан айында аяқтау жоспарланып отыр. Аталған аумақ аудан тұрғындары үшін жаңа демалыс орнына айналмақ.
Жоба аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыру, веложолақтарды қалпына келтіру және таңбалау, көше жарығын жаңғырту, балалар мен спорт алаңдарын салу және көгалдандыру жұмыстары қарастырылған.
Жұмыс сапары соңында Дархан Сатыбалды Жандосов көшесі мен Абай даңғылы аралығындағы Гагарин бульварының көркейту барысын бағамдады. Бұл жоба да «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асқан.
Аталған аумақта ауқымды жаңарту жұмыстары жүргізілген: орындықтар мен қоқыс жәшіктері жаңартылып, заманауи сыртқы жарықтандыру орнатылған, суару жүйесі қалпына келтіріліп, жасыл желек отырғызылған, балалар мен спорттық алаңдар жөндеуден өткізілген.
Сапар соңында қала әкімі ақаусыз жиектер мен асфальтты жөнсіз ауыстыруға көңілі толмайтынын айтып, шынымен де зақымданған, мүжілген тұстарға ғана жөндеу жүргізуді тапсырды.