Қазақстандық LegalTech-стартап 150 мың доллар инвестиция тартты, бағалануы – 1 миллион доллар

1463
Фотосурет: Adobe Stock

FinTech және LegalTech саласындағы қазақстандық Shart Rate стартапы жеке инвестор Асхат Усмановтан 150 мың АҚШ доллары көлемінде алғашқы инвестиция тартқанын хабарлады. Жоба жалпы 1 миллион доллар көлемінде бағаланған, деп хабарлайды DKnews.kz.

Shart Rate — Қазақстандағы алғаш рет жеке және заңды тұлғалар арасында ақшалай және тауарлық мәмілелер жасасуға мүмкіндік беретін платформа. Әр мәміле медиативтік келісіммен рәсімделеді, ал егер тараптардың бірі шартты бұзса, пайдаланушы АХҚО жанындағы Халықаралық Арбитраж Орталығы арқылы Арбитраж шешімін шығарта алады. Жобаның серіктесі – АХҚО-ның ресми серіктесі болып табылатын IMC GLOBAL (International Mediation Centre).

«Мен бұл сервиске инвестиция құюды жөн көрдім, себебі ол “қарыздар нарығын” ашық әрі әділ етеді. Бұл – несие және қарыз мәселелерімен айналысатын кез келген адамға қажетті құрал. Өнімге де, команданың күшіне де сенемін, әсіресе негізін қалаушы Темірдің көзқарасы мен көшбасшылық қасиетіне сенім артамын. Оның жеке тәжірибесі маған оның миссиясына сенуге негіз берді», – дейді инвестор Асхат Усманов.

Қазақстанда қаржылық қарым-қатынастардың «көрінбейтін аймағы» бар — бұл қолхат арқылы берілетін жеке қарыздардың көлеңкелі нарығы. Мұндай келісімдер заңды күшке ие болмай, жиі жанжалмен аяқталады. Статистика бойынша, жыл сайын мыңдаған азаматтар қолхат негізінде берілген ақшаны қайтара алмай, сотта дәлелдеу мүмкіндігінен айырылып жатады.

Жобаның негізін қалаушы Темір Аден бұл мәселені жеке басынан өткергенін айтып отыр:

«Мен өз тәжірибемде бірнеше рет алданып, берілген қаражат қайтарылмаған жағдайларға тап болдым. Сол кезде сенім мен заңды қорғаныстың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Shart Rate-ті кез келген адам еш қорықпай, сенімді түрде ақша алып-беруге мүмкіндік алуы үшін жасадық. Көбінесе Қазақстанда қарыздар туыстар, достар және жақындар арасында, жай ғана “сөзге келісе” беріледі. Ал бұл кейін уәделердің бұзылуына, сонымен қатар қарым-қатынастың бұзылуына әкеліп соғады. Біздің сервис осы үрдісті өзгертуге бағытталған бейтарап заңды құрал болмақ. Қосымшада пайдаланушылардың шынайы жауапкершілігіне негізделген рейтингтік жүйе де қарастырылған. Бұл жүйе арқылы адам сенімді ме, оған сенуге бола ма – алдын ала көруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Темір Аден.

Инвестициялық қаражат қосымшаны әзірлеуді күшейтуге, заңдық инфрақұрылымды дамытуға және маркетингтік науқанды іске қосуға жұмсалмақ.

Қазір қосымша техникалық режимде жұмыс істеп тұр. Shart Rate App Store және Google Play дүкендерінде қолжетімді. Ресми іске қосылғаннан кейін алғашқы үш айда команда 100 000-нан астам қолданушыны тартуды жоспарлап отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -