Алматыда билік пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты дамыту үшін жұмыстар жүргізілуде

1936
Фотосурет: Жанашыр

Алматы қаласында жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғам өкілдері арасындағы диалогты дамыту мақсатында кездесулер өтуде. Шараға ауданның белсенді тұрғындары, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда, деп хабарлайды DKnews.kz.

Кездесуде Қазақстан Республикасы «Қоғамдық бақылау туралы» Заңы туралы түсінік беріліп, азаматтық қоғам мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимыл мәселелері қаралуда. Азаматтық қоғам мен жергілікті билік арасындағы өзара әрекеттестіктің заманауи құралдары туралы баяндап, «Қоғамдық бақылау туралы» Заңға шолу жасалуда.

Іс-шаралар Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғам арасындағы диалогты дамыту» Жобасы аясында Халықаралық «Жанашыр» қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.

«Жоба мақсаты – жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғам өкілдері арасындағы диалогты дамыту. Қаланың 8 ауданында мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор өкілдері - ауданның белсенді тұрғындары, БАҚ, ҮЕҰ, ҚХА, кәсіподақтар, партиялар және т.б. арасында өзекті мәселелерді талқылау мақсатында кездесулер өткізілуде. Жобаға Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері де белсене атсалысуда», - дейді шараны ұйымдастырушы Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының президенті Жаңыл Әпетова.

Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері Марат Калимолдин, Ермек Кожамсүгіров, Болат Күрымбаевтар азаматтық қоғам мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимыл мәселелері мен диалогты дамыту механизмдері жайлы кездесу қатысушыларына түсіндіруде. Білікті заңгер, PhD докторы Роза Ережепқызы Азаматтық қоғам мен жергілікті билік арасындағы өзара әрекеттестіктің заманауи құралдары туралы баяндап, «Қоғамдық бақылау туралы» Заңға шолу жасайды.

Аудан белсенділері тарапынан алдағы болатын семинарларға тақырыптар ұсынылып, келелі мәселелерді бірлесіп шешу жолдары ұсынылуда.

Алдағы уақытта Қазақстан Республикасы «Қоғамдық бақылау туралы» Заңын жүзеге асыру механизмдері және ауданның келелі мәселелерін шешу жолдары бойынша азаматтарды оқыту семинарлары жоспарланған.

Семинарлар біткен соң әрбір ауданның азаматтық қоғам өкілдерінен тұратын сарапшылар тобының электрондық базасы құрылады. Олар аудан азаматтарына кеңестер беріп, келелі мәселелерін шешу жолын билікпен бірге шешуіне көмектесетін болады.

Сонымен қатар, проблемалық мәселелерді шешу алгоритмдері әзірленбек.

Осылайша, жоба барысында қала аудандарындағы келелі мәселелерді у-шусыз, саяси сауатты, мәдениетті түрде билікпен сындарлы диалог арқылы шешетін, жергілікті атқарушы органдардың тиімді жұмыс істеуіне қоғамдық бақылауды заң аясында жүзеге асыратын сарапшылар тобының жұмысы жолға қойылмақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -