Алматыда Кореямен мәдени-экономикалық алмасу бойынша ауқымды іс-шара өтеді

3465
Фотосурет: kaz.korean-culture.org

Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің Корей мәдени орталығы мен Алматы қаласы әкімдігі 26-28 маусым аралығында Корея мен Қазақстан арасындағы мәдени және экономикалық алмасуды нығайтуға бағытталған «Korea-Kazakhstan Culture and Trade Week» ауқымды іс-шарасын өткізеді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Шараға LG Electronics Kazakhstan және Shinhan Bank Kazakhstan компаниялары демеушілік етеді. Сонымен қатар, шараға Алматы қаласындағы Корея туризм ұйымының өкілдігі (KTO), Мәскеудегі Корея ауыл шаруашылығы, балық және азық-түлік өнімдерін сату корпорациясының өкілдігі (aT), Корея Республикасының Бас консулдығы жанындағы Сауда бөлімі (KOTRA), Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры, Алматы әуендері және Алматы корей ұлттық орталығы қатысады. Бұл ұйымдардың бірлескен күш-жігері екі ел арасындағы мәдени-экономикалық серіктестікті нығайтып, адам ресурстарының өзара алмасуын жандандыруға бағытталған.

Алматы қаласындағы басты концерт алаңдарының бірі — Республика сарайында үш күн бойы дәстүрлі, классикалық және заманауи музыкалық концерттер өтеді.

  • 26 маусым күні алғашқы шара ретінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген топтардың қатысуымен корей поп музыкасы жанрындағы «Central Asia K-Pop Cover Dance» би байқауы ұйымдастырылады.
  • 27 маусымда Кореяның азат етілуінің 80 жылдығы мен қазақ ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған бірлескен концерт өтеді. Концертке әлемдегі ең көне корей ұлттық театры — Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры, Алматы әуендері әртістері және классикалық кроссовер жанрындағы әйгілі Mezzo тобы қатысады.
  • Ал 28 маусым күні шараны Оңтүстік Кореяның TNX K-Pop тобы мен Қазақстандық Q-Pop тобы Ninety One-ның мүшесі ACE қатысатын концерт қорытындылайды.

Концерт залдың фойесінде барлық күндері LG және Shinhan Bank бренд-аймақтары, сондай-ақ KTO, aT және KOTRA ұйымдарының корей өнімдері, сұлулық индустриясы, туризм және тұтыну тауарлары тақырыбындағы көрме және интерактивті стендтері жұмыс істейді. Бұл корей мәдениетінің жанкүйерлеріне Кореяны жақыннан тануға қосымша мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, 27 маусым күні Rixos Almaty қонақүйінде экспорттық кеңестер мен іскерлік байланыс орнатуға арналған B2B форматындағы кездесулер өтеді. Ал 27-28 маусым күндері қаладағы ірі сауда орталықтарының бірі Mega Alma-Ata-да B2C аймағы жұмыс істейді. Mega Alma-Ata сауда орталығында корей компаниялары тұтыну тауарлары, азық-түлік өнімдері мен қызметтерді насихаттап, Қазақстан нарығына шығуына мүмкіндік алады.

Корей мәдени орталығының директоры Ку Бон Чхоль мырза өз сөзінде:

«Қазақстан — Кореяның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. Екі ел де алтай халықтарының бір мәдени кеңістігіне жатады. Бұл тіл мен дәстүрлердің ұқсастығынан көрініс табады. Мәдениет пен экономиканы біріктіретін бұл ірі іс-шара елдеріміз арасындағы әріптестік байланыстарды нығайтып, мәдени жақындасуға сеп болады деп сенемін»

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -