Бизнесті қаржыландыру оңай болды: ҚДБ несиелеудің бірыңғай шарттарын жариялады

2959
Фотосурет: © Sputnik / Владислав Воднев

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің жаңа стратегиясы шеңберінде құрылымның еншілес ұйымы – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ теңгемен қаржыландырылатын өзінің жаңа инвестициялық жобалары бойынша пайыздық мөлшерлемелерді сәйкестендіру туралы хабарлайды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Кәсіпкерлерді қолдауды күшейту мақсатында Үкімет пен «Бәйтерек» холдингінің экономикалық өсуді ынталандыру жөніндегі нарықтық жағдайлары мен міндеттерін ескере отырып, Банк бірыңғай сыйақы мөлшерлемесін белгілейді – жылдық 12,6%.

Бұл шешім қарыз алушылар үшін жағдайды жеңілдетуге және қазақстандық компаниялар үшін ұзақ мерзімді қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұған дейін теңгемен қаржыландырылатын жобалар бойынша мөлшерлемелер қорландыру көзіне және мәміле құрылымына байланысты өзгеріп отыратын. Енді Банк бірыңғай тәсілді енгізіп отыр – салаға, аймаққа немесе жобаның ауқымына қарамастан, жаңа инвестициялық жобалар бойынша сыйақы мөлшерлемесі біркелкі болады.

Сонымен қатар, ҚДБ-ның жаңадан бекітілген бағдарламасына сәйкес, кәсіпорын құрылысы кезеңінде ғана емес, оны пайдалану кезеңінде де отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі бизнес тарапынан ыңғайласпа міндеттеме көзделеді. Яғни, қаржыландырылатын жоба аясындағы операциялық қызметке қажетті тауарлар мен қызметтер қазақстандық өндірушілерден сатып алынуы тиіс.

Өз кезегінде, Үкімет бастамасымен «Бәйтерек» холдингі бизнес үшін кешенді шешім ұсынады: кепілді қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда ҚДБ «Даму» Қоры жанындағы жаңа кепілдік қорының кепілдігімен қаржыландыруды ұсына алады. Бұл тетік бұған дейін кепіл тапшылығы себебінен қаржы тарту мүмкіндігі болмаған компаниялар үшін несиелік ресурстарға қол жетімділікті едәуір кеңейтеді.

Қордың кепілдігін алған компаниялар ҚДБ-дан неғұрлым тиімді шарттармен ұзақ мерзімді несиелер тарта алады. Жобаның бастамашысы өз қаражатының кем дегенде 20%-ын салуы керек, ал қалған 80% екінші деңгейдегі банктер арқылы немесе тікелей ҚДБ арқылы қаржыландырылуы мүмкін. Қордың кепілдігі жоба құнының 30% дейін жабады, несие берушілер үшін тәуекелдерді төмендетіп, қаржыландырудың қолжетімділігін арттырады.

Болжам бойынша, 2027 жылға қарай кепілдіктер портфелінің көлемі 1 трлн теңгеге жетіп, жыл сайын 50 мыңнан астам жобаны қолдауға мүмкіндік береді – бұл 2024 жылмен салыстырғанда бес есе көп. Іріктеуде импорттық тәуелділікті төмендетуге, инфрақұрылымды дамытуға және шикізаттық емес экспортты қолдауға бағытталған жобаларға басымдық берілетін болады.

Синдикатталған несиелер тәжірибесі да кеңейіп келеді – бұл бірнеше қаржы институттары бір ірі жобаны несиелеуге бірлесіп қатысып, тәуекелдерді бөлісу және қаржыландыру көлемін ұлғайту тетігі.

Банк экономиканың негізгі секторлары – машина жасау, металлургия, шикізатты қайта өңдеу, энергетика, логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және тұрақты инфрақұрылым кәсіпорындарын қолдауды жалғастыруда. 24 жыл ішінде ҚДБ 210-нан астам жобаны мақұлдады, кәсіпорындарда 34 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, Қазақстанда экспорт пен импортты алмастыруға бағдарланған жаңа өндірістік қуаттар пайда болды.

«Қазақстанның Даму Банкі бірыңғай ережелермен, нарықтық құралдармен және нәтижеге ұзақ мерзімді бағдарланумен бизнес пен мемлекеттің стратегиялық серіктесі болып қала береді. Қабылданған шаралар ұзақ мерзімді инвестициялар үшін тұрақты орта жасайды және компанияларға өсу мен дамуға назар аударуға мүмкіндік береді. Жаңа жағдайда Банк тұрақты экономикалық дамуға және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған жүйелік институт ретіндегі рөлін күшейтеді», - деп атап өтті ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев

Кеңес алу үшін ҚДБ-ның ресми сайтында көрсетілген телефондар бойынша хабарласуларыңызды сұраймыз: https://www.kdb.kz/contacts/.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -