Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері қатардағы Мұхаммед Әли Серікбай жекпе-жектен жүлдегер атанды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ол Өскемен қаласында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер арасында жекпе-жек спортынан өткен сайыста сексен келі салмақта екінші орынды місе тұтты. Үш қарсыласын ірі есеппен ұтқан мерзімді әскери қызметші ақтық сайыста қарсыласына ұпай бойынша есе жіберді.
- Менің негізгі машықтанған спортым бокс. Былғары қолғапты балаң шағымнан қолыма киіп, шаршы алаңда сан мәрте сынға түстім. Ұлттық ұлан сапына қосылғалы спорттан қол үзбедім. Әскери бөлімдер арасында жекпе-жек спортынан өткен сайыста алғаш рет бағымды сынап көрдім. Нәтиже жаман емес. Енді аяқпен жұмыс жасауға дағдылансам, мен үшін алынбас қамал болмайды деп ойлаймын, - дейді қатардағы жауынгер.
Мұхаммед Әлидің есімін әкесі қойыпты. Есімі әлемге әйгілі боксшыдай даңқты болып, еліміздің көк туын байрақты бәсекелерде биік тұғырдан көтерсін деп сенім артса керек. Мектеп қабырғасында бокспен шұғылданған сарбаз студент кезінде грэпплинг спортымен айналысыпты. Ұлттық ұлан сапына Қостанай облысынан шақыртылған мерзімді әскери қызметші алдағы уақытта жоғары оқу орнынан білім алуды мақсат тұтады.