Ұрпақ жадында – ерлік ізі

3102
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Алматы қаласындағы Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде тағылымы терең еске алу шарасы өтті. «Мәңгілік сапта» атауымен ұйымдастырылған бір күндік акция Ақтөбедегі террорлық шабуыл кезінде қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілерін еске алуға арналды. Биыл осы қайғылы әрі қаһармандық оқиғаға 9 жыл толды.

Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев, ардагерлер мен офицерлер, әскери қызметшілер және «Халық банкі» АҚ Алматы қалалық филалының өкілдері бас қосқан жиында ерлік пен елдікке тағзым етіліп, жауынгерлердің есімі ұлықталды.

Тағылымды іс-шара аясында даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының және әр жылдары қаза болған Ұлттық ұлан жауынгерлерінің құрметіне монумент ашылды. Еңселі монумент Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына орай бой көтерді. Рәсімде қызыл лентаны «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев пен батырдың келіні Зейнеп Ахметова қиып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Артынша жиналғандар ерлік пен елдіктің символына айналған  батырлардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Іс-шарада алғаш болып сөз алған генерал-майор Талапкер Әміреев жауынгерлердің есімі әрдайым құрметпен аталатынын, олардың ерлігі жас сарбаздарға үлгі екенін атап өтті.

"«Ел үшін жан берген ерлердің рухы – мәңгілік шырақ» деген қанатты сөз бар. Осыған орай соғыс жылдарында бейбіт өмір үшін соғысқан ардагерлердің, жат жерде ел намысын бермеген 17 жауынгердің және әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан ұландықтардың есімдері бүгінгі ескерткішке ойып жазылған. Көпке үлгі боларлық өнегелі іс келешек ұрпаққа тарих деп білемін. Өйткені бүгінгі ескерткішке жазылған асыл азаматтардың жанқиярлық ерлігі мен есіл еңбегі жас ұрпақ үшін өнеге" Генерал-майор Талапкер Әміреев

Бөлім аумағында орын тепкен еңселі ескерткіштің қақ ортасында Бауыржан Момышұлының мүсіні бейнеленіп, өзінің нақыл сөздері қашалып жазылған.

Оң қанатында 1995 жылы Тәжік-ауған шекарасындағы бітімгерлік миссияда қаза тапқан 17 жауынгердің, сол қанатында Ақтөбедегі терактіде және қаңтар оқиғасында ерлікпен көз жұмған әскери қызметшілердің есімдері жазылған.

"Халық «Өткенін ескерген – өскендіктің белгісі, өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі» дейді. Құдайға шүкір, өсіп-өніп жатырмыз. Жоғымызды тауып жатырмыз. Ұмытылғанның бәрін еске алып жатырмыз. Міне, бүгін де – сол тарихтың бір айтулы күні. Бұл – ұрпақ үшін, өсіп жатқан қазақтың ұландары үшін керек дүние" қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова

Бұл мемориал – ел қорғау жолында қаза тапқан ерлердің ерлігін ұрпақ жадында мәңгі қалдыруға бағытталған тағзым белгісі. Жобаны жүзеге асыруға «Халық банкі» АҚ Алматы қалалық филалы демеушілік көрсетті. 

"Осындай маңызды оқиғаға өз үлесімізді қосқанымызды мақтанышпен айтқымыз келеді. Бұл монумент – Ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлы мен барша батырлардың ерлігіне деген тағзымның белгісі. Енді осы ескерткіштің алдында Ұлттық ұлан сарбаздары рухты бойына сіңіріп, елге қызмет етуге серт беретін болады деп сенеміз" қаржы ұйымының өкілі Ерген Марат

Іс-шара барысында бірқатар қонақтарға Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалі мен бригада командирінің алғыс хаттары табысталды. Марапат ең алдымен Зейнеп Ахметоваға берілді. Сонымен қатар ерлік мұрасын ұлықтауға үлес қосқан ардагерлер мен ескерткіш жобасына демеушілік жасаған қаржы ұйымының қызметкерлері де осы құрметке ие болды.   

Шара соңы салтанатты шерумен түйінделді. Бұл шеруде әскери бөлім қызметкерлері сап түзеп, қаза тапқан қаруластарын үнсіз еске алды.

«Мәңгілік сапта» акциясы – батырлықты ұлықтап, ерлік пен елдік ұғымдарын насихаттайтын тағылымды шара ретінде қатысушылар жүрегінде терең әсер қалдырды.

Подполковник Бақыт ӘЛІПБАЕВ,

Алматы қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -