Қазақстанда ауыл медицинасын жаңғырту: 473 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді

2365
Фотосурет: Gov

Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Жобаның мақсаты — медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту және инфрақұрылымды жаңарту арқылы ауылдық және шалғай елді мекен тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету, деп хабарлайды DKnews.kz.

Ұлттық жобаның шеңберінде 655 МСАК нысанын – дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер салу жоспарланған. Бүгінгі күні 473 нысан пайдалануға берілді, қалған 182 нысанды биылғы жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Жаңа нысандар тозығы жеткен және апатты жағдайдағы 427 ғимараттың орнына, медициналық инфрақұрылымы жоқ немесе жалдамалы ғимараттарда орналасқан ауылдардағы 208 нысанның орнына, бұрын мүлде медициналық мекеме болмаған және мамандар жұмыс істемеген 20 елді мекенде салынып жатыр.

Сонымен қатар, 32 аудандық аурухана ауданаралық аурухана деңгейіне дейін жаңғыртылуда.

Жобаның шеңберінде ауылдық медициналық мекемелер заманауи диагностикалық және зертханалық жабдықтармен, телемедицина аппараттарымен қамтамасыз етіледі. Бұл ауыл тұрғындарына өз елді мекендерінен шықпай-ақ, білікті дәрігерлік көмек алуға мүмкіндік береді.

Жалпы ел бойынша ауыл тұрғындарына 3,5 мыңнан астам фельдшерлік-акушерлік және медициналық пунктті, 1300 дәрігерлік амбулаторияны, 148 емхананы,175 аурухананы қоса алғанда медициналық көмек көрсететін 5 мыңға жуық денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -