15 маусым – Медицина қызметкерлері күніне орай Орал қаласындағы Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде ақ халатты абзал жандарға арналған салтанатты шара өтті. Әскери бөлім басшылығы бөлім құрамындағы медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың абыройлы еңбегін ерекше атап өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шара барысында бөлім командирі, полковник Өміржан Сахатов құттықтау сөз сөйлеп, әскери медицина қызметінің маңыздылығына тоқталды.
– Әскери медицина – сарбаздардың өмірі мен денсаулығының сенімді қорғаны. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен жанқиярлық еңбектеріңіз – Ұлттық ұланның жауынгерлік қабілетінің берік тірегі. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін, – деді полковник Сахатов.
Бүгінде 5517 әскери бөліміндегі медицина қызметкерлері әскери қызметшілердің денсаулығына жіті бақылау жасап, емдеу-алдын алу шараларын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Олардың міндеті – сапта жүрген әр сарбаздың денсаулығын сақтап, әскери борышын адал атқаруына мүмкіндік жасау.
Шара соңында бірқатар әскери медицина қызметкерлеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.