Мустафа Йылтан Октем Петропавл әуежайының директоры болып тағайындалды

2640
Фотосурет: Orbis Kazakhstan

2025 жылдың маусым айынан бастап Мустафа Йылтан Октем (Mustafa Yıltan Öktem) Петропавл халықаралық әуежайының директорының міндетін атқарушы қызметіне кірісті. Оның Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Африкадағы халықаралық әуежайларды басқару саласында 20 жылдан астам кәсіби тәжірибесі бар, деп хабарлайды DKnews.kz.

«Ұзақ үзілістен кейін әуежай біртіндеп қалыпты жұмыс режиміне оралуда. Қазіргі уақытта жолаушылар ағыны аз болғанымен, бұл инфрақұрылымдық нысанның өңір үшін маңызы зор, – деді Orbis Kazakhstan тобының президенті Сухраб Махмудов. – Қиын жағдайда жұмыс істеуге тура келгенімен, Октем мырза бұл бағытта оң нәтижелерге қол жеткізеді деп сенеміз. Оның басшылығымен әуежайдың операциялық қызметі жақсарып, серіктестік байланыстар кеңейеді, ал әуежай жолаушылар мен инвесторлар үшін тартымды бола түседі. Бұл жолда мемлекеттік құрылымдар мен жергілікті қоғамдастықтың қолдауы маңызды».

2023–2024 жылдары Мустафа Йылтан Октем Сомалидегі Могадишо халықаралық әуежайында Favori Airports компаниясының елдік директоры болды.

2020–2021 жылдары Алматы халықаралық әуежайында жерүсті қызмет көрсету жөніндегі директор қызметін атқарып, TAV Airports басқаруына өткен кезеңде жаңа стандарттарды енгізуге атсалысты.

2007–2016 жылдары Тбилиси халықаралық әуежайында түрлі басқарушы лауазымдарда жұмыс істеп, 2016–2020 жылдары Батуми халықаралық әуежайының директоры болды. Ол Кипрдегі Шығыс Жерорта университетінің коммуникация және медиа факультетін тәмамдаған. Сонымен қатар IATA, ICAO, Turkish Airlines, Lufthansa, British Airways, Cargolux және өзге де халықаралық ұйымдардың кәсіби курстарынан өткен.

Петропавл халықаралық әуежайын «Қызыл-Жар халықаралық әуежайы» ЖШС сенімді басқару арқылы басқарады. Сенімді басқару 2022 жылы бес жыл мерзімге рәсімделген. Компанияға Orbis Kazakhstan тобы сенімді басқарушы тұлға арқылы жетекшілік етеді. Бұл әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобаны қайта іске қосу мақсатында топ әуежайға 1,2 млрд теңгеден астам инвестиция салды.

Orbis Kazakhstan тобы 2001 жылы қазақстандық кәсіпкерлер Фаррух және Сухраб Махмудовтардың бастамасымен құрылған. Холдинг құрамына автокөлік өндірісі, құрылыс, агробизнес, мұнай-сервис, дистрибуция және басқа да салалардағы 150-ден астам компания кіреді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша холдингтің жиынтық айналымы 1,5 млрд АҚШ долларын құрады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -