5-6 шілдеде «Carmina Burana» балет-кантатасының көптен күткен премьерасы өтеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Осы бірегей жобаның арқасында, театрымызда алғаш рет хор, симфониялық оркестр мен балет труппасы бірлесе өнер көрсетеді.
ХХ ғасырдың көрнекті неміс композиторларының бірі, экспрессионист композитор Карл Орф жазған «Carmina Burana» мистикалық, баурап алар туындысы философиялық әрі эмоционалды балеттің негізіне алынды. Бұл ХХ ғасырдың ең жұмбақ әрі таң қалдырарлық қуаты бар туындыларының бірі. Қазіргі мәдениетте ол классика мен танымал музыка арасында ерекше орын алады.
Композитор кантатаның мағынасын адам рухының жеңісі ретінде сипаттап, өз шығармасын оптимистік әрі қуанышқа толы деп санады. Бұл шығармада Фортуна құдайының тақырыбы астарлап жеткізіледі. Ол тағдыр дөңгелегін айналдырып, адам баласын бірде тұңғиыққа құлатып, бірде бақытқа кенелтеді.
«Carmina Burana» балеті – адам баласының болмысы, жан арпалысы мен азабы, адамның кұдірет күшімен үзілмес байланысы туралы ой-толғау. Балет сахнасында материалдық және рухани, жасампаз және қиратушы күш текетіресі көрсетіледі. Мұның бәрі – Фортуна дөңгелегінің үздіксіз қозғалысы, жалындаған өмір мен жанның реинкарнациясы жайлы баяндайды.
Балеттің екі орталық кейіпкері бар: бозбала және бикеш. Олар біріне-бірі ынтық, екеуінің арасында сезім оты лаулаған. Алайда, ниетің таза болса ғана түрлі азғырулар мен кедергілерге төтеп бере аласың.
Спектакль бейнелері Орфтың музыкасынан ғана емес, Қайта өрлеу дәуірі суретшілерінің туындыларынан да шабыт алған. Спектакльде жасампаз және қиратушы күш иелері шартты түрде Жаратушы және Азғырушымен байланыстырылған символикалық кейіпкерлер ретінде көрінеді.
«Carmina Burana» шартты түрде төрт бөлімнен тұрады, олар музыкалық жағынан ерекшеленеді. Мұны пластикалық түрде жеткізуді құп көрдік. Спектакльде әртістер классикалық хореографиядан еркін пластика мен contemporary элементтері бар биге ауысады. Әртістер үшін осындай түрлі музыкалық материалдармен және түрлі пластикалық материалдармен жұмыс істеу өте маңызды» Коюшы-балетмейстер Тимур Загидуллин
Жаңа хореографиялық туындыны жасауға дарынды өнер қайраткерлері ат салысты. Қойылымның негізіне Карл Орфтың музыкасы алынып, оның ауқымдылығы мен эмоционалды тереңдігін танытты. Қоюшы-балетмейстерлер Мукарам Абубахриева (Авахри) мен Тимур Загидуллин музыкалық шығарманың драматургиясын жеткізу үшін көркем хореографиялық тілді қолданды.
Костюм дизайнері Варвара Плетнева сценография мен костюмдердегі символизм мен заманауи түсінікті біріктіре отырып, қойылымның көрнекі бейнесін жасады. Жарық суретшісі Денис Солнцев дәл және мәнерлі түс шешімдері арқылы сахнадағы іс-әрекетке ерекше атмосфера берді. Бейне суретші Марат Сағадинов сахна кеңістігіне үйлесімді түрде енген динамикалық проекциялар арқылы спектакльдің көрнекі әсерін күшейте білді.
Қойылымның музыкалық жетекшісі әрі дирижері Арман Оразғалиев театрдың симфониялық оркестрімен бірлесе отырып, туындыны қуатты әрі әсерлі музыкалық сүйемелдеуді қамтамасыз етті. Вокалдық бөлім Гүлмира Құттыбадамованың жетекшілігіндегі хордың қатысуымен жүзеге асырылды. Бұл көрерменді бей-жай қалдырмайтын спектакльдің ауқымын кеңейтіп, дыбыстық әсерін күшейтуге мүмкіндік берді.
«Carmina Burana» балетінің премьерасы нағыз сахналық ғажайыпқа айналмақ. Алғаш рет хор, оркестр және балет біртұтас өнер кеңістігінде бірігіп, музыкалық екпіннен пластикалық қимылға дейінгі әрбір элемент мәңгілік шығарманың терең мағынасын ашуға күш салатын ауқымды әрі әсерлі қойылымды сахналайды.