«Бәйтерек» холдингі мен QIC Қытайдың жетекші технологиялық компанияларымен серіктестік мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
2025 жылғы 9–12 маусым аралығында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов пен еншілес ұйым – «Qazaqstan Investment Corporation» (QIC) акционерлік қоғамының өкілдері бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапардың мақсаты – Қытайдың ірі технологиялық компанияларымен стратегиялық серіктестік орнату және тікелей инвестициялар қорын құру мүмкіндігін зерделеу.
Пекин қаласында Азиядағы тікелей инвестициялар нарығының көшбасшыларының бірі – EWPartners компаниясының басшылығымен негізгі кездесу өтті. Келіссөздерге EWPartners компаниясының негізін қалаушы және басқарушы серіктесі Джери Ли, басқарушы серіктестер Клифф Чау мен Никлас Поннерт, сондай-ақ инвестициялық серіктес Минхуа Шао қатысты. Тараптар QIC-тің Қазақстан экономикасының басым салаларын – логистика, инфрақұрылым, қаржылық технологиялар және автоматтандыруды қамтитын тікелей инвестициялар қорына қатысу мүмкіндігін талқылады.
Делегация EWPartners-тің бірқатар портфельдік компанияларына барды. Атап айтқанда, Lenovo-ның еншілес компаниясы Leshines-пен қазақстандық нарыққа шығу перспективалары қарастырылды. QAX компаниясымен киберқауіпсіздік пен цифрлық трансформация саласындағы ықтимал серіктестік туралы келіссөздер жүргізілді. Vimicro компаниясы микрочиптер мен компьютерлік көру жүйелері саласындағы әзірлемелерін таныстырды.
Шанхай қаласында технологиялық және өндірістік секторларға бағытталған активтерді басқаруға, сондай-ақ тікелей инвестициялар қорларын дамытуға маманданған Shanghai State-owned Capital Investment Co., Ltd. компаниясымен келіссөздер өтті. Делегация Quicktron (логистикалық робототехника), Synyi (интеллектуалды медициналық жүйелер) және Agibot (гуманоидты роботтар мен жасанды интеллект шешімдері) компанияларының технологиялық шешімдерімен танысты.
«Бүгін EWPartners және Қытайдың жетекші технологиялық компанияларымен талқыланған бастамалар Қазақстанның технологиялық секторын дамытуға серпін бере алады. Біз озық технологиялық шешімдерді тартуға және оларды еліміздің нарығында жергілікті етуге қолдау көрсетуге дайынбыз» Тимур Онжанов
Сапар барысында Қытайдың алдыңғы қатарлы компанияларымен берік байланыстар орнатылды. Кездесу қорытындылары бойынша тараптар QIC-тің EWPartners басқаруындағы тікелей инвестициялар қорына ықтимал қатысуын, сонымен қатар технологиялық және логистикалық шешімдерді, ҒЗТКЖ және өндірістік компоненттерді Қазақстанда жергіліктендіру мүмкіндігін одан әрі пысықтауға уағдаласты.