Қарағанды облысы – Қазақстанның индустриялық дамуының қозғаушы күші

1265
Фотосурет: UKIMET

Олжас Бектенов Қарағанды облысында Президенттің өнеркәсіпті, ТКШ және АӨК-ті дамыту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысын тексерді

Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының өнеркәсіпті дамыту, терең өңдеуге баса назар аудара отырып, экономиканы әртараптандыру, энергетикалық инфрақұрылым мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. «Saran» индустриялық аймағының кәсіпорындары, «Qarmet» АҚ өндіріс нысандары, оның ішінде металлургия комбинаты мен «Саран» шахтасына барды. Энергетика, коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобаларға назар аударылды.

Премьер-министр Қарағанды облысының Саран қаласында орналасқан «Saran» индустриялық аймағының дамуымен танысты. «Қазақстандық ыстық мырыштау зауыты» ЖШС мырышталған металл бұйымдарын өндіретін жаңа кәсіпорынның ашылуын мысалға ала отырып, қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар тексерілді. Ыстық мырыштау немесе металл бұйымдарын тот басудан қорғау құрылыста, машина жасау мен ауыл шаруашылығында және экономиканың басқа салаларында кеңінен қолданылады.

Қазақстан өнеркәсібіндегі оң динамиканы ескере отырып, мырышталған металл бұйымдарына сұраныс жыл сайын артып келеді. Қуаты жылына 50 мың тонна өнім шығаруға жететін кәсіпорынды іске қосу отандық металл конструкцияларын өндірушілер қажеттілігінің 80%-ын өтеуге мүмкіндік береді. Жобаға 6,2 млрд теңге инвестиция тартылып, оның 80%-ы – «Бәйтерек» холдингінің тетіктері арқылы ұсынылатын қарыз қаражаты. Зауыт мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігінің нәтижесінде іске қосылды. 115 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар ірі өндіріс ошағы төңірегінде шағын және орта бизнес белдеуін дамытуға қосымша серпін берілмек.

Премьер-министр Саран қаласындағы шиналар шығаратын «Tengri Tyres» ЖШС зауытында болды. Кәсіпорын импортқа тәуелділікті азайтып, жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған. Толық циклді зауытта халықаралық стандарттарға сай технологиялық барлық процесс іске қосылды. Биылғы қаңтар-наурыз айларында Attar брендімен жалпы құны 2,6 млрд теңге болатын 135,4 бірлік жеңіл және жүк көліктері дөңгелектері және қысқы шиналар шығарылды. Ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етумен қатар, жеңіл көлік шиналары экспорты жүзеге асырылады. «Tengri Tyres» ЖШС директоры Александр Уставщиков жыл соңына дейін құны 29,3 млрд теңге болатын 1,2 млн шина шығару жоспары туралы айтты. Қазіргі таңда зауытта 850 адам жұмыс істейді. Толық жобалық қуатына шығу жалпы 1 125 тұрақты жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етеді. 

Премьер-министр жеткізілімдер көлемін одан әрі арттырудың және сату нарығын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

«Silk Road Electronics» ЖШС тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорнын аралау барысында өндірісті локалицазиялауды арттыру жоспарларына назар аударылды. Бұл көрсеткіш бүгінде 50%-дан асады. Әрі қарай өсу үшін жабдықты жаңғыртуға қомақты инвестиция салынды. Шығарылатын өнімдер – теледидарлар, су жылытқыштар, шағын пештер, сорғылар, шаңсорғыштар, кір жуатын машиналар, ас үй плиталары және басқа да техникалар елімізде және көршілес елдерге сатылады. Халықаралық компаниялармен әріптестікті дамыту технологиялар трансферті мен экспортты кеңейтуге ықпал етеді. Атап айтқанда, Samsung компаниясымен жасалған келісім халықаралық брендтердің еліміздің өнеркәсіптік әлеуетіне деген сенімін растайды.

Премьер-министр «Саран» шахтасында жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. 520 метр тереңдіктегі шахтаға түсу барысында ұңғыма учаскелер қаралды. «Qarmet» АҚ Көмір департаментінің директоры Жақан Мұхамеджанов нақты уақыт режимінде жерасты қазбаларындағы қызметкерлердің орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін персоналды позициялау жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкес енгізу туралы хабардар етті. Бұл қауіпсіздікті бақылауды күшейтеді және төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жұмыс орындарындағы шахтерлермен бейнебайланыстың техникалық мүмкіндіктері таныстырылды. Жаңғырту бағдарламасы сонымен қатар ұңғыма жабдықтарын жаңартуды, желдету жүйелерін жақсартуды, өрттен қорғауды күшейтуді және жерасты жұмыстарының цифрлық инфрақұрылымын кеңейтуді қамтиды.

Кеншілермен әңгімелесу барысында өндірісті цифрландыруға бейімдеу мәселелері талқыланды. Олжас Бектенов жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін басқа шахталарда осындай қондырғыларды жеделдету қажеттігін атап өтті. Qarmet көмір кәсіпорындарын жаңғыртуға салынған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен $500 млн-ды құрайды. Озық жүйелерді енгізу бойынша ауқымды жұмыстармен басқа да шахталар қамтылатын болады.

Премьер-министр Теміртау қаласындағы Qarmet металлургиялық комбинатында болды. Биылғы бес айда кәсіпорын қатты болат өндірісін 13%-ға – 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтты.

Премьер-министрге қуаттылығы жылына 4 млн тоннаға дейін сұйық болат конвертер цехының алаңында Президенттің тапсырмасына сәйкес өндірістік қуаттарды табиғи газға қосу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндалды. Өткен жылы №1 және №2 конвертерлерге күрделі жөндеу жүргізіліп, корпустар толық ауыстырылды, анағұрлым заманауи әрі орнықты конструкциялар орнатылды. Бұл болат балқыту көлемін ұлғайтуға және цехтың өндірістік тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. 

Мұнда Олжас Бектенов №8 және №9 кокс батареяларының құрылысымен танысты. Қуаттылығы жылына 1,5 млн құрғақ кокс болатын инвестициялық жоба Премьер-министрдің 2024 жылғы 5 қарашада Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде қытайлық ACRE Coking & Refractory Engineering Consulting Co., Ltd компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. 2027 жылға жоспарланған өндірістің негізгі параметрлері танысытырлды. 

Qarmet басшылығы жаңа құю-прокат кешенін салу жобасын жүзеге асыру туралы баяндады. Кешенді іске қосу автомобиль, химия, мұнай, құрылыс және басқа да салалар үшін болаттың премиум маркаларын өндіруді игеруге мүмкіндік береді. Жоба қазақстандық болатты өткізу нарықтарының географиясын кеңейтеді, энергия шығынын төмендетеді және өндіріс кезінде қоршаған ортаға әсерін азайтады.

Сондай-ақ зауыттың айналасындағы шағын және орта бизнестің өнеркәсіптік белдеуінің жобасы таныстырылды. ШОБ қаптамалар мен сүзгілерден бастап жарық техникасы мен болаттан жасалған бұйымдарға дейін қосылған құны жоғары өнімдер шығарады. Алғашқы офтейк-келісімшарттар жасалды, кәсіпкерлерге дайын өндірістік алаңдар және жылына $87 млн сомасына өнімді кепілді өткізу ұсынылды. 

Премьер-министр Теміртау қаласындағы жылу желілерін реконструкциялау учаскесін қарап шықты. Жоба коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде жүзеге асырылуда және диаметрі 820 мм 8 шақырымнан астам құбырды ауыстыруды көздейді. Жаңа құбырлар заманауи жылу оқшаулағыш материалдармен және қорғаныс қаптамасымен жабдықталған, бұл жылу шығынын айтарлықтай азайтуға және қаланың Шығыс және Орталық аудандарын сенімді жылу көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындық ерекше бақылауда екенін атап өтті. «Қызыл аймаққа» енгізілген Теміртау сияқты қалаларға назар аударылады. Облыс әкімдігіне күн суытқанға дейін жылумен жабдықтау жобаларын жүзеге асыруды аяқтау тапсырылды. Энергетика министрлігі – барынша жәрдем көрсетуі керек, Қаржы министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде сумен жабдықтау желілерін салу жөніндегі жобаларды қаржыландыру мәселесін басты назарда ұстауы тиіс.

Нұра ауданында орналасқан «Рамадан сүт фермасы» ЖШС-не барған Олжас Бектенов өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің дамуымен танысты. Жаңа кәсіпорын еуропалық стандарттар бойынша жарақтандырылып, Қарағанды облысындағы ең ірі кәсіпорындардың біріне айналады. 1,1 мың бас голштейн-фриз малын ұстауға арналған жеке жемшөп өндірісі қарастырылған, оның ішінде 880 сиыр күн сайын сауылады. Ферма 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында толық қуатына шығады және жылына 9,5 мың тоннадан астам сүт өндіруді қамтамасыз етеді. Өнімдер Қарағанды облысы мен Астана қаласының сүт өңдеу кәсіпорындарына жеткізілетін болады. Жоба аясында 70 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Премьер-министр мемлекеттің ауқымды қолдауының арқасында фермерлер өз кезегінде тұрақты нәтижелерді қамтамасыз етуі, өндірісті жаңғыртуы және ауылдағы өмірді жақсартуға қатысуы тиіс екенін атап өтті. 

Облыс әкімдігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп егін жинау жұмыстарына сапалы дайындалу және қажетті азық-түлік қорын қалыптастыру тапсырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шегірткелердің таралуына жол бермеу және егіс алқаптарын қорғау шараларын қамтамасыз ету міндетін қойды.

«Мемлекет басшысы бізге өнеркәсіпті дамытуды арттыру міндетін қойып отыр. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ 6%-ға өсті. Бұл ретте біз экономика құрылымын әртараптандыру жөніндегі жұмысты әрі қарай күшейтуге тиіспіз. Қарағанды облысы еліміздің негізгі өнеркәсіптік өңірі саналады. Бүгінгі таңда біз қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту бойынша нәтижелерді көріп отырмыз. Барлық кәсіпорындар осыған ұмтылуы керек. Импортты алмастыру – біздің басты міндетіміз. Үкімет осындай өндірістердің дамуын толық қолдайтын болады. Өз кезегінде бизнес заманауи технологияларды енгізу, шығарылатын өнім сапасын арттыру және экспорттық әлеуетті жетілдіру секілді қарсы міндеттемелерді орындауы тиіс» Олжас Бектенов

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне мүдделі органдармен бірлесіп кәсіпорындардың қуаттарын тұрақты жүктеуді және сабақтас өндірістердің бүкіл тізбегін дамытуды қамтамасыз ету тапсырылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -